Енді мембағдарламамен пәтер жалдап отырған отбасылар баспанасын жекешелендіре алады

Бұған дейін сатып алу құқығынсыз үйлі болғандарға Үкімет осындай қаулы шығарды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Енді мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерді жалдап отырған отбасылар баспананы басы бүтін жекешелендіре алады. Бұған дейін сатып алу құқығынсыз үйлі болғандарға Үкімет осындай қаулы шығарды. Ал бұл игілікті 50 мыңға жуық отбасы көрмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күлбүбі Биназарова 2001 жылы үй кезегіне тұрған. Жалғызбасты, көпбалалы ана содан 10 жыл бойы жалдамалы пәтерде жүріпті. Тек 2011 жылы азаматтың кезегі келіп, 1 бөлмелі пәтер алған. Бірақ үй - сатып алу құқығынсыз. Сондықтан "басы бүтін баспаналы болу - бір уайым еді" дейді кейіпкер. Ал 4 желтоқсаннан бастап сол үйлерді жекешелендіруге болатынын білген ол бірден құжат жинауға кіріскен. 

"Ести салып қуанғаным соншалықты, жүрегім жарылып кете жаздады. Тіптен қиналып құжат та жинаған жоқпын. Бірден келіп едім, құжат жинап отырған қыздар маған бәрін жазып берді. Сол қыздардың айтқаны бойынша тез істеп алдым. 10 жыл бойы 2050 теңгеден құйып тұрдым. 10 жылдан кейінгінің өзінде қалған сомасы 2 млн 600 мың теңге болды. Біз үй ала алмай, әлі пәтерден пәтерге қаңғып жүре беретін едік. Бізге көп жеңілдік болды", - дейді қала тұрғыны Күлбүбі Биназарова.

Бүгінде Тараз қаласы бойынша мемлекеттің жалдамалы пәтерінде 1868 отбасы тұрып жатыр. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары «азаматтар сол үйлерін жекешелендіруге құқылы» дейді. Тек коммуналдық мекемелерде қарызы, басында баспанасы болмауы тиіс. Көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтар және бюджеттік ұйым қызметкерлері пәтердің қалдық құнының 30 пайызын немесе қалған соманы толықтай төлеп жекешелендіре алады.

"17 азамат пәтерлерін жекешелендіріп шығарды. Осы жұмыстарды ары қарай да жалғастыру үшін барлығы қазіргі ҚР цифровизация заңына сәйкес Е-қазына базасы арқылы электронды түрде өтініш тастайды. Сонымен қатар біз оларды шақыртып, ары қарай тиісті жұмыстарын жалғастырамыз", - деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Сұлтан Өтешов.  

Үкімет қаулысында жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен 1, 2 топтағы мүгедектігі бар жандар мен ішкі істер органдарында 20 жылдан аса жұмыс істеген қызметкерлер жалдамалы пәтерді тегін ала алады. Сонымен қатар бұл санатқа Арал экологиясы мен Семей полигонынан зардап шеккен азаматтар да жатады.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, "Алматы" телеарнасы, Тараздан

Оқи отырыңыз: Биыл Қазақстандағы студент жастарға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетеді

Новости партнеров