Әлемдік жұлдыз Рики Мартин Алматы сахнасында өнер көрсетеді

«Спартак» стадионы осы сенбіде нағыз музыкалық мерекенің орталығына айналмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тағы бір тарихи музыкалық кештің куәсі болмақ. Латынамерикалық әнші Рики Мартин алғаш рет алматылық көрерменнің алдында өнер көрсетеді. Әлемдік тур аясындағы концерт «Спартак» стадионында өтеді. Ал билеттер наурыз айында сатылымға шыққан. Қазір ұйымдастырушылар ауқымды кештің соңғы дайындығын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыдағы «Спартак» стадионы осы сенбіде нағыз музыкалық мерекенің орталығына айналмақ. Мыңдаған көрерменді қабылдайтын алаңда әйгілі латын поп-музыкасының жарық жұлдызы, миллиондардың сүйікті әншісі Рики Мартин өнер көрсетеді. Дәл қазір стадионда дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай, арнайы сахна құрылып, дыбыс, жарық және техникалық жабдықтарды баптау жұмыстары жүргізілуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Рики Мартин Алматыға әлемдік концерттік тур аясында келеді. Кеш барысында көрермендерге әншінің ең танымал хиттері ұсынылады. Ал концерттің арнайы қонағы ретінде австралиялық әнші Натали Имбрулья шақырылды. Музыкалық кештің билет құны 40 мыңнан 70 мың теңгеге дейін саудаланған. Әлемдік жұлдызды өз көзімен көруді тағатсыздана күтіп жүрген алматылықтар аз емес.

«Рики Мартинді кішкентай кезімізден бері қатты сүйіп тыңдаймыз. Ол өз шығармашылығын "Менудо" тобынан бастады дегені есімде. Кейін өзінің шығармашылығының арқасында үлкен жетістіктерге жетті. "Грэмми" сыйлығын алды. Осындай әлемдік деңгейдегі әншілердің Алматыға келуінің өзі біз үшін үлкен мәртебе шығар. Сенбіні қатты тағатсыздана күтіп жүрміз. Хит әндерін бірге айтып, билеп, көңіл көтеріп, ерекше атмосфера болады деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Әйкерім Белгібаева.

Туризм басқармасының мәліметінше, латын поп-музыкасының жарық жұлдызы Рики Мартиннің концертіне Орталық Азия мен ТМД елдерінен мыңдаған жанкүйер келеді деп күтілуде. Әлемдік деңгейдегі мұндай мәдени іс-шара Алматының туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларының табысын еселеуге мүмкіндік береді.

«Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың Алматыда концерт беруі – қаланың экономикасына оң әсер етеді. Мәселен, Рики Мартиннің концертіне алыс-жақын шетелдерден мыңдаған жанкүйер келеді деп күтілуде. Олар қонақүйлерге орналасып, қоғамдық тамақтану орындары мен көлік қызметін пайдаланады, қаланың туристік нысандарын аралайды. Осындай ірі мәдени іс-шаралар шаһар экономикасына қосымша қаржы әкеліп, оның танымалдылығын арттырады», – деді Туризм басқармасы бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбіхан.

Айта кетейік, Рики Мартиннің концертінен кейін де Алматыда әлемдік деңгейдегі музыкалық кештер легі жалғасады. Мәселен, 5 қыркүйекте әйгілі әнші Энрике Иглесиас концерт береді. Бұдан бөлек, Алматы сахнасында Брайан Адамс пен София Нзау өнер көрсетпек.

Мәди Мәлік, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлы Жібек жолы: Алматы халықаралық экспедицияның негізгі аялдамасына айналды