Басты мақсат - жастардың өзін табуына, шынайы қарым-қатынас орнатуына, зиянды әдеттерден алшақ болуына жағдай жасау
12 шілдеде Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында LEVEL UP атты жастар фестивалі өтеді. Бұл - жай ғана ойын-сауық шарасы емес, саналы өмір салтын насихаттайтын жаңа форматтағы мәдени бастама, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Фестивальдің басты ұраны - «Таза болу - жаңа тренд». LEVEL UP-тың өзге іс-шаралардан айырмашылығы - оның мәнінде. Мұнда музыка, би, шоу элементтері сыртқы көрініс қана. Басты мақсат - жастардың өзін табуына, шынайы қарым-қатынас орнатуына, зиянды әдеттерден алшақ болуына жағдай жасау.
Қоғамда есірткі қылмысы мен тәуелділікке қатысты мәселелер ушығып тұрған сәтте, LEVEL UP мәдениет пен сананың күшімен қарсы тұру арқылы батыл ұстаным ұсынады. Фестивальдің атмосферасында есірткі, алкоголь немесе жасырын желілер болмайды, оның орнына ашық диалог, сергектік, таза орта, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай басты орында болады.

Фестиваль ұйымдастырушылары шараны ата-аналар сеніп жібере алатын жастар кеңістігіне айналдырғысы келеді. Мұнда тек көңіл көтеріп қана қоймай, адами қарым-қатынастың сапасына мән беріледі.
LEVEL UP аясында еліміздің ең танымал орындаушылары: Ninety One, Say Mo, Айқын, Adresov, Alem, Brooklyn және тағы басқа хедлайнерлер өнер көрсетеді. Сонымен қатар серіктес ұйымдар ұйымдастыратын интерактив аймақтар, сергітетін ойындар мен заманауи форматтағы белсенді платформалар да фестиваль бағдарламасына енеді.
LEVEL UP - уақытша әсер емес, жастардың санасында қалатын, болашаққа көзқарасын қалыптастыратын жаңа мәдени кеңістік.
Оқи отырыңыз: Алматыда студенттерді қолдау үшін дағдарыс орталығы құрылады