Алматының Түрксіб ауданындағы бизнес субъектілерінің саны 7,8 пайызға өскен. Нәтижесінде салық түсімі 164 миллиард теңгеге дейін ұлғайып, 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шаһар басшысы биыл Түрксібтің бюджеті былтырғымен салыстырғанда 4 есеге артқанын айтып, маусымда қаражат тағы 23,5 миллиард теңгеге ұлғайғанын жеткізді. Жиында аудандағы инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқаны да сөз болып Әлмерек шағынауданында 20 шақырым су және кәріз жүйесінің құрылысы аяқталғаны айтылды. Ал Спасская-Бекмаханов және Бекмаханов-Сүйінбай учаскелерінде 30 жыл бұрын салынған ұзындығы 2,1 километр жылу құбырын жөндеу қыркүйекте мәресіне жеткен. Сонымен қатар қала әкімі Әлмерек, Нұршашқан және Қайрат шағынаудандарында 110 шақырым электр желісін жаңарту жыл соңына дейін аяқталатынын да айтты.
"Аталған 3 шағынауданның тұрғындарын үздіксіз электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету үшін "Тұздыбастау" қосалқы станциясы салынды. Жұмыс 95 пайыз аяқталды. "Бесағаш" қосалқы станцияны жалғайтын 7,8 км кабель желілері салынғаннан кейін, жылдың соңына дейін қосылады", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ шаһар басшысы биыл ауданның 39 көшесіндегі 41,7 шақырымға созылған жолды орташа жөндеу ай соңына дейін аяқталатынын айтты. Жиында Түрксібтен өтетін 10 бағыттағы 195 автобустың жаңартылғаны да сөз болып, қауіпсіздікті нығайту үшін биыл қосымша 160 "Сергек" камерасы орнатылып, олардың жалпы саны 816-ға жеткені хабарланды. Басқосуда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 6 100 орындық 4 жаңа мектептің құрылысының жүргізіліп жатқаны және қазанның соңына дейін сейсмикалық күшейту жұмыстары аяғына жетсе, №70 мамандандырылған бөбекжайдың ашылатыны да белгілі болды. Сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы орта құруға ерекше көңіл бөлініп жатқаны сөз болды.
"2025 жылы қоғамдық кеңістіктерді дамыту үшін 4 ірі жобаны іске асыруға кірісеміз. Скандинавиялық жүгіруге арналған экожол салу және Баум тоғайын, "Кіші Алматы" өзенінің бойындағы жаяу-серуендеу аймағын абаттандыру жұмысы қолға алынады. Хмельницкий көшесі бойындағы 2 су қоймасын механикалық тазартылады", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуді мына сілтеме арқылы көре аласыз.