Alma Love 2026: Алматыда халықаралық жастар күніне арналған ауқымды фестиваль басталды

Қалада 14 пен 35 жас аралығындағы 770 мыңға жуық жас тұрады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда халықаралық жастар күніне арналған «Alma Love 2026» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

«Қала сенен басталады» ұранымен ұйымдастырылған онкүндік 20 мыңға жуық жасты қамтиды. Бағдарламаға экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, зияткерлік ойындар, шығармашылық жобалар, кино көрсетілімдері мен концерттер енген. Әрбір іс-шара Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және өзге де негізгі құндылықтарды жастар арасында дәріптеуге бағытталған.

Айта кетейік, Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 770 мыңға жуық жас тұрады.

«Біздің мақсатымыз –халықаралық Жастар күнін насихаттау. Жастар арасындағы белсенділікті арттыру», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Фестиваль аясында EcoVibe экологиялық челленджі, Level Up зияткерлік ойындары, ALMA LOVE Talks жастар форумы мен Avenue Talent шығармашылық алаңы ұйымдастырылады. Ал Youth Nomads ұлттық ойындар фестивалі мен «Жағалаудағы Абай» жобасы ұлттық мұра мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптейді.

Сонымен қатар жастар кәсіпкерлермен, ғалымдармен және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, бастамасын таныстыруға мүмкіндік алады. Онкүндік фестиваль 12 тамызда «Шабыт» жазғы амфитеатрындағы мерекелік концертпен қорытындыланып, қаланың ең белсенді жастары марапатталады.

«Фестивальдің шарықтау шегі – Alma Love Open Air Grant финалы болады. Ол жерде соңғы бір жылда қаламыздың дамуына жастар саясатының қосқан үлесі, түрлі салада жетістікке жеткен жастарымызды арнайы марапатталады», – деді  «Tulga Foundation» қоғамдық қорының төрағасы Мейіржан Келемеденов.

Оқи отырыңыз: Алматының ең жас ауданы қалай өзгеріп жатыр