Материалдық емес мәдени мұраны сақтау: Алматыда ұлттық тренинг өтіп жатыр

11.06.2025 16:23

Тренингке Қазақстанның бес пилоттық өңірінен келген мамандар қатысып жатыр

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда жергілікті деңгейде материалдық емес мәдени мұраны сақтау және орнықты дамыту мәселелеріне арналған қазақстандық сарапшыларға арналған апталық ұлттық тренинг өтіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіздік пен егемендіктің негізі саналатын ұлттық бірегейлікті нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылу рәсіміне мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өкілдері, ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен халықаралық серіктестер қатысты. Тренингке Қазақстанның бес пилоттық өңірінен келген 45 маман, сондай-ақ мұражайлардың, шығармашылық ұйымдардың және дәстүрлі спорт түрлері қауымдастықтарының өкілдері қатысуда.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы мен Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі материалдық емес мәдени мұра саласындағы ЮНЕСКО өңірлік оқу орталығы (Бейжің, ҚХР) бірлесе ұйымдастыруда.

«Материалдық емес мәдени мұра – ауызша дәстүрлер мен эпостар, әдет-ғұрыптар, дәстүрлі ойындар, қолөнер, музыка мен би, ұлттық тағамдар мен халықтық жарыстар сияқты ұрпақтан ұрпаққа берілетін тірі мәдениет. Жаһандану үдерісі күшейген сайын бұл мәдени құндылықтардың жойылып кету қаупі де басым. 2003 жылы ЮНЕСКО материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенцияны қабылдап, мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруге бастамашы бола отырып, осы мұраны сақтауға және болашақ ұрпаққа жеткізуге ықпал етіп келеді», - делінген.

Оқу бағдарламасы мамандардың біліктілігін арттыруға, құжаттаманы неғұрлым дәл жүргізуге, сондай-ақ көшпелі өркениеттің мәдени болмысының ажырамас бөлігі саналатын осы мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Зираттағы бос орынды брондау: Алматыда жерлеудің электрондық базасы әзірленеді