Мерейлі отбасы – 2025: Алматыда ең үздік отбасы белгілі болды

15.07.2025 16:41

Ұлттық байқаудың қалалық кезеңінде топ жарған 8 жанұяға қаржылай сыйақы берілді

Алматыда «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінде топ жарғандар марапатталды. Шешуші сында шаһардың әр ауданынан келген 8 жанұя қаржылай сыйақыға ие болды. Ал ең үздік отбасы атанған әулет Астанада өтетін байқауға жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оған Алматы қаласының атынан қатысуға ниетті жандар өте көп. Тұрғындар тарапынан бас-аяғы 250 өтінім түскен. Ал іріктеуден өткен 8 жанұя бүгін қорытынды кезеңге қатысты. Қазылар алқасының шешімімен Дүйсебаевтар әулеті Алматыдағы ең үздік отбасы атанды.    

Дүйсебаевтар әулеті – ұстаздыққа бет бұрған отбасылардың бірі. Ерекшелігі сол,  жанұяның тірегі Ұлболсын Дүйсебаева бұл жолда 40 жылдан аса қызмет еткен. Жұбайы Әбдікамал Дүйсебаев пен оның жақындары да шәкірттеріне білгенін үйретуден жалықпаған. Ал бүгінде Ұлболсын әжейдің 9 баласы, 3 немересі оқушыларға тәлім беріп келеді. 

«Аллаға шүкір! Еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз. Отбасының тұрақтылығы, ауызбіршілігі жақсы болуы керек. «Үлкенге құрмет кішіге ізет» көрсетіп, еңбек етуден жалықпауы тиіс», – деді «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы Ұлболсын Дүйсебаева.

Қатысушыларға қойылған талап та жоғары. Сайыста олардың шығармашылыққа қабілеттілігі, еңбек жолындағы жанкештілігі, қоғамға қосқан үлесі бағаланды.

«Түрлі отбасы қатысты. Олардың арасында жасы, үлкені де бар. Бірнеше ұрпақтан тұратын отбасылар бар. Негізгі басымдық жұмысшы мамандық иелеріне берілді. Бірақ байқау болғандықтан, талапқа сай келуіне байланысты жеңімпаздарды анықтадық. Бұл жақсы дәстүрге айналды», – деді Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков. 

Атап өтейік, ұлттық байқаудың қалалық кезеңінде топ жарған 8 жанұяға қаржылай сыйақы берілді. Ал жеңімпаз атанған Дүйсебаевтар әулеті Астанада өтетін жарыста Алматы қаласының атынан сынға түседі.

Рүстем Айткәрім, Думан Дәлетбақұлы

Оқи отырыңыз: Медеу ауданындағы мектептерде 4 мыңнан астам орын ашылады