Алматында республика бойынша алғаш рет босандыру стационарында магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинеті ашылып, неонаталдық скрининг зертханасы енгізілді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа медициналық мүмкіндіктер Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Пашимовтың жұмыс сапары барысында Қалалық перинаталдық орталықта таныстырылды.
Сапар барысында Қалалық перинаталдық орталық директоры Әлия Аймағамбетова 2025 жылдың қорытындысы бойынша есеп берді. Талқылауға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Иманғалиева және Ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова қатысты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық перинаталдық көмектің III деңгейдегі жетекші медициналық ұйымы мәртебесін растады.
Барлық нысаналы клиникалық индикатор орындалды: жаңа туған нәрестенің жалпы өміршеңдігі 100%-ға жуықтады. Материалдық-техникалық базаның жарақтандырылу деңгейі 97,3% болды. Перзентханаға жүгінгендер саны 22,5 мың жағдайға дейін артты, емделіп шыққан пациенттер саны 15,5 мыңнан асты.
Жылдың басты оқиғасы — еліміздің медициналық тәжірибесінде алғаш рет босандыру стационарының өзінде МРТ кабинетін ашу болды. Бұл жүкті әйелдер мен босанатын аналарға басқа медициналық ұйымдарға бармай-ақ жоғары дәлдіктегі диагностикалық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді, әсіресе асқынған және шұғыл жағдайда аса маңызды. Сонымен қатар, неонаталдық скрининг зертханасы іске қосылып, жаңа туған сәбидегі туа біткен және тұқым қуалайтын ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі кеңейтіліп, емдеуді барынша ерте мерзімде бастауға жол ашылды.
Орталықта 516 қызметкер еңбек етеді, штаттың жинақталу деңгейі 98,8%. Ұжым құрамында медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, қоғамдық денсаулық сақтау саласының 18 магистрі, жоғары білімді акушерлер мен медициналық мейірбикелер бар. 2025 жылы қызметкерлердің 100%-ы оқытудан өтті, оның ішінде клиникалық даярлық, диагностика, инфекциялық және радиациялық қауіпсіздік, шұғыл және критикалық жағдайда медициналық көмек көрсету бағыттары қамтылды. Мамандар халықаралық, республикалық және өңірлік ғылыми-тәжірибелік іс-шараларға қатысып, Қазақстанның, ТМД елдерінің және алыс шетелдердің жетекші медициналық орталықтарында білімін жетілдірді.
МРТ мен неонаталдық скринингтен бөлек, былтыр орталық стерилизациялау бөлімшесіне реновация жүргізілді, госпитальдық фармация және дәрілік қамтамасыз ету бөлімі құрылды, жоғары технологиялық гинекологиялық оталадың көлемі артты, симуляциялық орталық пен цифрлық медицина дамытылып келеді.
Сапар қорытындысы бойынша Марат Пашимов ауыр ағымдағы жүктілігі бар әрбір пациентті тұрақты бақылауда ұстауды, шұғыл түрде консилиум ұйымдастыруды және медициналық көмекті көрсетудің заманауи тәсілдері мен инновациясын қалыптастыруда бас штаттан тыс акушер-гинекологтың рөлін күшейтуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Алматы қаласының Мемлекеттік архиві: цифрлық трансформация және тірі тарих