Бұл туралы қалалық қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәслихаттың кезекті сессиясында айтты
«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын қаржыландыру жалғаса береді. Ол үшін бюджеттен қосымша 1,4 млрд. теңге бөлінбек. Бұл туралы қалалық қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәслихаттың кезекті сессиясында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік, құқық қорғау, коммуналдық және басқа да салаларда еңбек ететін жастар үшін қосымша 80 ипотекалық несие алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жауаптылардың айтуынша, келер жылы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 8,3 млрд. теңге сомасында қосымша қаражат қарастырылып отыр. Оның ішінде білім беру, медицина сынды маңызды салалар бар.
"Бюджеттің кіріс және шығыс бөлігі 82,9 млрд теңгеге азаяды. Сондай-ақ биылғы қаржының 57,9 млрд теңгесі 2025 жылға қайта бөлінеді. Оған мердігерлердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауы, конкурстық рәсімдерді ұзақ уақыт өткізуі себеп болып отыр", – деді Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков.
Сондай-ақ мәслихат депутаттары халықтың әлеуметтік осал тобына коммуналдық қызмет тарифтерін көтергені үшін төленетін 0,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі өтемақыны 2025 жылғы 1 сәуірге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл көмек түрі Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша 2023 жылдың шілдесінен «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы аясында көрсетіле бастады. Мұндай мүмкіндікке 140 мыңнан астам азамат ие болған.
"Бұл азаматтарға арнайы қандай құжат керек екенін, қай форматта өтетінін біз қосымша ақпарат береміз. Ал қазіргі таңда осы осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында өтемақыны енгізу жобасын мәслихаттың депутаттарына ұсындық", – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Оқи отырыңыз: Алматыда "Сергек" камералары 3 млн-нан астам заңбұзушылықты тіркеді