Алматыда Чокин көшесінде жылу желісін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде

21.02.2026 06:43

Қалған тұтынушыларға жылу беру параметрлері қалыпты режимде сақталуда

Depositphotos

2026 жылы 21 ақпанда сағат шамамен 04:00-де Чокин көшесі, 37 мекенжайы маңындағы магистральдық жылу желісінде технологиялық сипаттағы құбыр ақауы анықталды. Аталған желі 1971 жылы пайдалануға берілген, төсемі – жерасты. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазіргі уақытта «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мамандары арнайы техника мен жөндеу бригадаларын тарта отырып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыстарды бүгін аяқтап, жылумен жабдықтауды штаттық режимге көшіру жоспарланған.

Жөндеу кезеңінде Райымбек – Боткин – Рысқұлов – Сейфуллин көшелерінің аумағындағы бірқатар тұтынушыларға жылу беру уақытша шектелді.

Қалған тұтынушыларға жылу беру параметрлері қалыпты режимде сақталуда. Жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін жылумен жабдықтау толық көлемде қалпына келтіріледі.

Қандай да бір төтенше жағдай (су немесе бу шығуы) туындаған жағдайда, өз бетінше әрекет жасамауды сұраймыз. Дереу төмендегі нөмірлерге хабарласыңыздар:
+7 (727) 378-06-65 (тәулік бойы)
+7 (727) 341-07-77 (08:00–18:00 аралығы).

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік басты назарда: Алматыда төтенше жағдайлар туралы ақпараты шұғыл тарататын мобильді қосымша іске қосылды