Наурызбай ауданы тұрғындары караоке-шоуға қатысып, өнер көрсетті

21.09.2025 20:05

Алматы күні – қала тұрғындары асыға күтетін жүрекке ең жақын мереке. Сондықтан болар бүгін шаһар ерекше реңге еніп, жер-жерде қуаныш пен шаттықтың лебі сезіліп тұр. Наурызбай ауданында жұрт караоке-шоу ұйымдастырып, бірлесе ән шырқап, думандатып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Наурызбай ауданындағы амфитеатрда жиналған жұрттың езуінен күлкі жиылар емес, жүзінен қуаныш та кетпеген. Неге десеңіз, олар мерейтойды бар сән-салтанатымен атап өту үшін акустикалық кешке қатысып, караоке-шоуында өнер көрсетуге дайын тұр.

Атап өтейік, кеш батса да, келушілердің саны артып келеді. Олар отандық қана емес, шетелдік туындыларды да сахнада шырқамақ.

Бүгін Алатау әнге бөленіп, Алматы әуенмен тербеліп тұр. Мұндағы ағайын шат-шадыман күйде мерекені атап өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар жас таланттардың өрге шығуына септігін тигізбек.

Оқи отырыңыз: Алматының метро бекеттерінде жылжымалы фотокөрме ұйымдастырылды