Наурызнама: Көктөбедегі Көрісу күнінде екі мыңға жуық алматылық бас қосты

16.03.2026 15:47

Мерекелік кеште алғаш рет әуеге көтерілген дрондар жұртшылықты мерекемен құттықтады

Алматыда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының бастауы саналатын Көрісу күнін кең көлемде атап өтті. Мерекелік іс-шара шаһардың ең көрікті орындарының бірі – Көктөбеде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрісу күнін алматылықтар шаһардың ең биік нүктесі – Көктөбеде сән-салтанатымен атап өтті. Алматы аспанында әсем ән әуелеп, күй күмбірледі. Қаланың ең көрікті орындарының біріне 2000-ға жуық адам жиналып, бір-бірімен амандасып, «ақ мол болсын» деп ақжарма тілектерін жаудырды.

«Наурыз – қазақтың жыл басы мерекесі, халықтың ынтымағы. Бүгін –  көрісу күні. Қазақстанда көп ұлт өкілдері тұрады. Сондықтан тату халқымыздың бірлігін көрсетіп жатыр. Аспанымыз ашық болсын, еліміз тыныш болсын!» – деді Медеу ауданының құрметті ардагері Жақан Мұқаев.

«Наурызға келгенімізге қуанып тұрмыз. Жастарымызға мейрамның бере өнегесі көп болсын деймін, күш-жігер алсын. Өзінің қазақ екенін танып, Отанын сүйіп, мақтанышпен мейрамдарға қатыссын»,  – деді қала тұрғыны Ұмсын Айтуғанова .

Аспан астындағы думан «Алатау» дәстүрлі өнер театры әртістері дайындаған театрландырылған қойылыммен басталды. Артынша сахнаға Айгүл Қосанова көтеріліп, әуелете ән шырқады. Мерекелік іс-шара барысында заманауи роботтар да халық арасына шығып, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Бүгін –  керемет көктемнің шуақты мерекесі, амал мерекесі, жаңару мерекесі. Амал кезінде  қыстан аман шыққан жұрт бір -біріне кешірім сұрап жатады. Сондықтан амал мерекесі құтты болсын! Жылдан жылға, амалдан амалға жете берейік. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова.

«Қазақтың «отыз күн ойын, қырық күн тойын «дегендей 14 наурыздан бастап әр күнді бөліп тастады ғой. Спорт, ұлттық күн дегендей, сол себептен кең тұсау, ұзын арқанды тойлайтын уақытқа жеттік. Өте жоғарғы деңгейде қазір тойланып жатыр», – деді «Алатау серілері» тобының мүшесі Жасұлан Мұсағали.

Сонымен қатар сахна төрінде КешYOU тобы, Мадина Сәдуақасова өнер көрсетіп, көрерменге Наурыздың шуағын сездірген әсем әндерін ұсынды. Сондай-ақ мерекелік кеште алғаш рет әуеге көтерілген дрондар жұртшылықты мерекемен құттықтады.

Айта кеткен жөн, соңғы жылдары елімізде Наурыз мейрамы он күн бойы республика көлемінде тойланып келеді. Биыл да мерекелік думан аясында Алматы қаласында 200-ге жуық мәдени, спорттық және көпшілікке арналған салтанатты іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

«Наурызнаманың онкүндігінің аясында түрлі деңгейде шаралар ұйымдастырылады. Бүгін бастамасы. Әр аудандағы 12 нысанда, яғни Астана, Абай алаңында, Панфилов көшесі, Жібек жолы және де Тұңғыш президент саябағында мейрамға арналған бағдарламалар өтеді»,  – деді Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Айта кетейік, Көрісу күніне орай алматылықтар үшін «Көк-Төбедегі» аспалы жол сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін тегін қызмет көрсетті. Соның арқасында мерекелік іс-шараға жиналған көрермен көп болды.

Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Алматы театрлары «Қара жорға» ырғағымен тоғысты