Алматыда №145 жаңа қалалық автобус бағыты қатынай бастады. Жаңа маршрутты іске қосу тұрғындардың көлік қолжетімділігін жақсартып, қатынау жайлылығын арттыруға бағытталған. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бағытқа «Алматыэлектротранс» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын желіге Yutong маркалы 5 автобус шығады. Олар — заманауи 9 метрлік төмен еденді автобустар. Әр автобус 60 жолаушыға дейін тасымалдауға арналған, бұл қарбалас уақытта жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам жоғары жайлылығымен, кең сыйымдылығымен, бірқалыпты қозғалысымен ерекшеленеді және қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Автобустардың орташа қозғалыс аралығы шамамен 14 минут болады. Бұл жолаушыларға сапарын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді.
№145 маршрут «Алматы-2» вокзалын «Гагарин–Жандосов» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың жалпы ұзындығы — 16,9 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін қатынайды.
Бағыт Райымбек батыр даңғылы, Абай даңғылы, Гагарин даңғылы және Әуезов көшесі секілді негізгі қалалық магистральдар арқылы өтеді.
Жаңа бағыттың іске қосылуы Алматының солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы көлік байланысын жақсартып, әлеуметтік және медициналық нысандарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданында жаңа балабақша ашылады