Балаларға арналған міндетті екпелер: алматылық дәрігер вакцинация кестесі жайлы айтты

25.02.2026 16:28
пресс-служба акима Алматы

Алматыдағы №11 қалалық емхананың педиатры Мөлдір Ибрагимова әрбір бала Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы иммундаудан өтуі тиіс екенін еске салды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Маманның айтуынша, вакцинация балаларды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайды. Олардың қатарында А және В вирустық гепатиттері, b типті гемофильді инфекция, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит бар.

Иммундау нәресте дүниеге келген сәттен басталады. Туғаннан кейін сәбиге туберкулезге қарсы (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы вакцина егіледі.  

Бұдан әрі вакцинация келесі кесте бойынша жүргізіледі:

* 2 ай — АКДС (1-доза, Гексаксим) және пневмококк инфекциясына қарсы вакцина (Превенар);
* 3 ай — АКДС (2-доза, Пентаксим);
* 4 ай — АКДС (3-доза, Гексаксим) және Превенар;
* 12 ай — ҚПҚ вакцинасы (қызылша, паротит, қызамық), Превенар және ОПВ (полиомиелитке қарсы);
* 18 ай — АКДС (4-доза, Пентаксим);
* 2 жас — А гепатитіне қарсы вакцина (1-доза), 6 айдан кейін ревакцинация;
* 6 жас — ҚПҚ және АКДС ревакцинациясы;
* 3-6 жас аралығы — жыл сайын Манту сынамасы;
* 11 жас және 11 жас 6 ай — адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация;
* 16 жас — дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина (АДС-м), кейін әр 10 жыл сайын ревакцинация жүргізіледі.

Мөлдір Ибрагимова екпелер ауыр инфекциялық аурулардың алдын алатынын атап өтті. Мұндай аурулар кей жағдайда күрделі асқынуларға, мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

«Вакцинация — қауіпті инфекциялардың алдын алудың ең тиімді жолы. Ата-аналар барлық міндетті екпеніңң бала мемлекеттік немесе жекеменшік медициналық ұйымға тіркелгеніне қарамастан тегін жүргізілетінін білуі керек», — деді дәрігер.

Уақытылы жасалған вакцинация баланың денсаулығын сенімді қорғайды.

Оқи отырыңыз: Қонаев атындағы академияның заңгерлері мен студенттері референдумды қолдады