"Өнерім – өмірім, радио – серігім": Алматыда белгілі журналистің кітабы жарық көрді

13.11.2024 18:32

Гүлмира Нәлібайдың кітабы туралы танымал тұлғалар жылы лебіз білдірді

Аlmaty.tv

Ұлттық кітапханада белгілі радиожурналист, ҚР мәдениет саласының үздігі, "Халық әні - қазына" республикалық жобасының авторы Гүлмира Нәлібайдың "Өнерім – өмірім, радио – серігім" атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Nege.kz-ке сілтеме жасап.

Кешті талантты ақын, журналист Талант Арғынғали жүргізді. Кітаптың тұсауын кескен танымал композитор, "Дос-Мұқасан" тобының негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов кітаптың құндылығына тоқталды.

"Әуе толқында журналист алдына келген кейіпкердің өзін, ішкі жандүниесін ашу үшін тұшымды сұхбат алады. Мұны көбі радиодан тыңдай алмай қалуы мүмкін. Тек алтын қорда сақталады. Сондықтан сыр-сұхбаттың қағаз бетіне түсіріліп, кітап болып шығуы өте құптарлық іс", – деді Мұрат Құсайынов.

Бұдан кейін ардагер радиожурналистер Аманжан Еңсебаев, Сауық Жақанова сөз сөйлеп, көз алдында өскен, тәжірибе жинақтап, бүгінгі жетістікке жеткен шәкірті туралы жылы лебізін жеткізді.

"Бала жетістігі – ата-ана қуанышы. "Адамның бақыты – балада" деген халық даналығы текке айтылмаған. Біз қызымыздың әрбір жетістігіне қуанамыз. Ол біздің ғана емес, халықтың қызына айналды. Кішкентай кезінен өнерге, еркіндікке жақын болған Гүлмира біз жете алмаған арманға, биік белеске шықса дейміз", – дейді журналистің ата-анасы.

Жинаққа радиода 20 жылдан астам еңбек еткен жылдары әртүрлі сала өкілінен, қоғам қайраткерлері мен өнердің маңдайалды тұлғаларынан алған сұхбаттары, сондай-ақ журналистің авторлық бағдарламасындағы ой-толғамдары енген.

Бүгінде қазақтың үнжариясына айналған "Шалқар" радиосында жағымды дауысы мен әуезді үні арқылы көпшіліктің құлақ құрышын қандырып жүрген журналист Гүлмира Нәлібайды тыңдарманы асыға күтіп отырады. Жұрт оны дауысы арқылы таниды. "Ән-жұмбақ", "Дауысыңды сағындым", "Алтын тамыр" хабарын жүргізетін Гүлмира тікелей эфирге қосылғанда ерекше арқаланып, тынысы ашыла түседі.

"Мен микрофон алдында бәрін ұмытып, өзімді ең бақытты жан сезінемін", – дейді радиожурналистің өзі.  

Оқи отырыңыз: Талғат Теменовтің туғанына - 70 жыл: Алматыда "Қызыл орамалды шынарым” қойылымы ұсынылды