Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева қатысқан баспасөз турын ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне биыл ауданда жүзеге асырылып жатқан негізгі көріктендіру жобалары таныстырылып, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және қалалық ортаны жақсартуға бизнестің қосып жатқан үлесі айтылды, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы жылдары Жетісу ауданы айтарлықтай жаңарды. Мұнда заманауи скверлер бой көтеріп, аулалар жаңартылып, серуендеуге және отбасылық демалысқа арналған жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптасуда. Бұл ретте көріктендірумен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көгалдандыруға және тұрғындарды шешім қабылдау үдерісіне тартуға ерекше назар аударылып келеді.
Баспасөз турының алғашқы нысаны Жангелдин көшесіндегі сквер болды. Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, аумағы 2,2 гектар болатын бұл қоғамдық кеңістік ұзақ уақыт бойы жаңартуды қажет еткен. Тұрғындардың өтініші негізінде биыл маусым айында мұнда қайта жаңғырту жұмыстары басталған.
«Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл маусым айында саябақты қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Тамыз айының соңына дейін барлық жұмысты толық аяқтап, жаңартылған қоғамдық кеңістік тұрғындардың игілігіне беріледі», – деді аудан әкімі.
Қайта жаңғырту аясында жинақтау резервуарлары арқылы жұмыс істейтін автоматты суару жүйесі толық қалпына келтірілді. Балалар ойын алаңдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесі едәуір күшейтілді: жарық шамдар саны 40-тан 200-ге жуыққа дейін көбейтілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 20-дан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Олардан түсетін ақпарат тәулік бойы аудан әкімдігі мен Полиция департаментіне жолданып отырады.
Сонымен қатар сквер аумағында сәндік жарықтандыру құрылымдары, пиксельді ақпараттық экран, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстарына және қолданыстағы ағаштарды сақтауға ерекше көңіл бөлінген. Олардың жай-күйін қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының мамандары тұрақты түрде бағалап отырады.
Баспасөз турының келесі нысаны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында көріктендірілген Ратушный көшесіндегі аулалар болды. Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, дәл осы бағдарламаға Жетісу ауданының тұрғындары дәстүрлі түрде жоғары белсенділік танытып келеді.
«Былтыр аудан тұрғындарынан 1 319 өтінім келіп түсті. Соның ішінен бүгінде іске асырылып жатқан 25 ірі жоба іріктеліп алынды. Соның бірі Ратушный көшесіндегі аулаларды көркейту жобасы», – деді аудан әкімі.
Жобаны жүзеге асыру барысында балалар және спорт алаңдары жаңартылып, заманауи қоршаулар орнатылды, автоматты суару жүйесі жүргізіліп, ландшафтық дизайн жұмыстары орындалды. Барлық шешім тұрғындармен бірлесіп қабылданды. Атап айтқанда, егілетін ағаш пен гүлдің түрін таңдаудан бастап, демалыс аймақтары мен ойын құрылымдарының орналасуына дейінгі барлық мәселе тұрғындардың ұсынысы негізінде айқындалды.
Тұрғындар атқарылған жұмыстардың нәтижесін қазірдің өзінде жоғары бағалап үлгерді. Жуырда жаңартылған аула кеңістігінің ашылу рәсімі өтіп, ол балалар мен ересектердің жаңа демалыс және бас қосатын орнына айналды.
Жұмыстың орындалу барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне мердігер ұйым – «Троя» ЖШС-нің директоры Бақтияр Атажанов айтып берді.
Оның айтуынша, ұзындығы 280 метрге жуық скверді көріктендіру жұмыстары аяқталу кезеңіне жақындады. Қазіргі уақытта кеспетастар толық төселіп, балалар және спорт алаңы, воркаут аймағы жабдықталды, сондай-ақ резеңке жабын төселді. Жалпы аумағы 6 мың шаршы метрге жуық аумақта көгалдандыру жұмыстарының 80%-ы аяқталған.
«Автоматты суару жүйесі бүгінде бүкіл аумақта жұмыс істеп тұр. Келісімшарт бойынша жұмыстар қазан айында аяқталуға тиіс. Дегенмен, жобаны тамыз айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді мердігер ұйымның өкілі.
Жобаның ерекшелігі ретінде сәндік альпинарийлер жасау және экостиль құрылымдарын сақтау көзделген. Бұрын орнатылған ағаш орындықтар қалпына келтіріліп, жаңартылған кеңістікпен үйлестірілді.
Баспасөз туры әрі қарай Серіков көшесінде жалғасты. Мұнда мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі жүзеге асырылып жатыр. Karina Paper компаниясы өндіріс орнына іргелес аумақты өз қаражаты есебінен көркейтіп келеді.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, Жетісу ауданы Алматының ең ірі өнеркәсіптік ауданы болып қала береді. Бүгінде мұнда 572 кәсіпорын, оның ішінде 51 ірі және орта өндіріс орны жұмыс істейді.
Karina Paper компаниясы бас директорының орынбасары Талғат Шәріпов кәсіпорынның Қазақстан нарығында 28 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, компания өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен қатар қалалық ортаның сапасын арттыруға да ерекше көңіл бөледі.
Бүгінде кәсіпорын жалпы аумағы 44 мың шаршы метр болатын А санатындағы заманауи қойма кешенін салып жатыр. Жоба жүзеге асқан соң 300-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін жыл сайынғы салық көлемі 1 млрд теңгеден асады.
Инвестициялық жоба аясында компания Серіков көшесінің бойындағы аумақты да жаңартып жатыр. Мұнда жүргіншілер жолы салынып, жасыл желек егіліп, демалыс аймақтары жасақталып, заманауи жабын төселеді.
«Бұл аудан мен қаланың дамуына қосқан үлесіміз. Біз үшін бизнесті дамыту ғана емес, тұрғындар үшін жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру да маңызды», – деді компания өкілдері.
Баспасөз турының соңғы нысаны бүгінде ауқымды көріктендіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Үлкен Алматы каналы (ҮАК) болды.
Жобаның бас инженері Айдын Байболовтың айтуынша, канал бойындағы жұмыстардың шамамен 90 пайызы аяқталған. Ал оған іргелес «Гүлдер» саябағы, Баум тоғайы және өзге де қоғамдық кеңістіктердегі жұмыстардың дайындық деңгейі 95 пайызға жеткен.
Қазіргі уақытта негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, кеспетас төселген, жасыл желек егілген. Енді жарықтандыру жүйесін орнату және шағын сәулет нысандарын орналастыру жұмыстары жүргізілуде.
Каналға су жіберілгеннен кейін бұл аумақ Алматыдағы ең ірі демалыс аймақтарының біріне айналады. Мұнда медициналық және полиция бекеттері жұмыс істейді, сондай-ақ бейнебақылау және дауыстық хабарландыру жүйесі орнатылады. Демалыс аймақтарындағы судың тереңдігі шамамен 1,5 метр болады. Бұл келушілердің қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда алғашқы жартыжылдықта әлеуметтік маңызы бар 10 нысан пайдалануға берілді