Пациент асқазанында ірі шаш түйіні жиналған: №4 ауруханада сирек ота жасалды

07.02.2026 15:31

25 жастағы тұрғын қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханада хирургтер 25 жастағы пациенттің асқазанынан трихобезоарды - шаштан тығыздалып түзілген ірі түйінді алып тастады, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бұл түзіліс асқазанда шамамен бес жыл бойы жиналып, жедел ішек өтімсіздігінің дамуына әкелген.

Пациент жедел түрде қабылдау бөліміне іштің барлық аймағындағы қатты ауырсыну, жүрек айну, қайта-қайта құсу, айқын әлсіздік және ауыздың құрғауы шағымымен жеткізілген.

Шолу рентгенографиясы жедел ішек өтімсіздігінің жоғары деңгейіне тән белгілерді көрсетті. Қосымша тексеру нәтижесінде оның нақты себебі - асқазандағы трихобезоар анықталды.

Пациентке шұғыл ота қажет болды. Хирургтер лапаротомия жасап, асқазаннан көлемі үлкен безоарды алып шықты. Алынған түзіліс бір-біріне шырмалған шаштан құралған өте тығыз түйін болған. Пациенттің айтуынша, шаштың ұшын аузына салу әдеті балалық шақтан басталған, бұл оның өзіне еш зиянсыз көрінген.

Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Пациент қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.

Дәрігерлердің түсіндіруінше, трихобезоар көбіне трихотилломаниясы - шашты еріксіз жұлып, жұтып қоюмен сипатталатын психоэмоциялық бұзылысы бар адамдарда кездеседі.

Мұндай түзіліс ұзақ уақыт бойы айқын белгісіз өтіп, асқыну кезеңінде ғана байқалуы мүмкін.

Медицина қызметкерлері бөгде затты жұтып қою күдігі болған жағдайда, өзін жақсы сезінгеннің өзінде де дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Асқазан-ішек жолы тарапынан асқыну айлар, тіпті жылдар өткен соң да дамуы ықтимал.

Оқи отырыңыз: Алматы дәрігерлері салмағы 730 грамм болып туған нәрестенің өмірін сақтап қалды