WorldSkills Almaty – 2026 қорытындыланды: 470-тен астам қатысушы және 57 құзырет

31.03.2026 10:01
пресс-служба акима Алматы

Алматыда XI өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты WorldSkills Almaty – 2026 мәресіне жетті. Жарысқа 470-тен астам колледж студенті қатысып, 57 құзырет бойынша шеберлік көрсетті Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыс 25-27 наурыз аралығында өтті. Негізгі алаңдар «Атакент» ҚІЫО базасында, сондай-ақ қала колледждерінде ұйымдастырылды. Қатысушылар ақпараттық технологиялар, құрылыс, өндіріс, көлік және логистика, өнер және дизайн, қызмет көрсету және білім беру бағыттарын қамтитын 7 салада бақ сынады.

Биыл жарыс бағдарламасы кеңейіп, «Шатыр жабу жұмыстары» мен «Құтқару жұмыстары» секілді жаңа құзыреттер енгізілді. Бұл еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандықтардың артып келе жатқанын көрсетеді.

Қатысушылардың жұмысын 500-ден астам сарапшы бағалады, олардың 30%-ы – жұмыс берушілер өкілдері. Бағалау ашықтығын қамтамасыз ету үшін CIS цифрлық жүйесі қолданылды.

Чемпионат қорытындысы бойынша:

  • 1-орынды — 75 қатысушы,
  • 2-орынды — 89 қатысушы,
  • 3-орынды — 71 қатысушы иеленді.
  • 77 қатысушы «Кәсібилік үшін» медальонымен марапатталды.

Кей бағыттарда жеңімпазды анықтау оңайға соқпай, қатысушылардың нәтижелері тең түсті.

Негізгі жарыстармен қатар 9-сынып оқушыларына арналған JasSkills Almaty – 2026 және ерекше білім беру қажеттілігі  бар студенттерге арналған Abilympics жарыстары өтті.

Чемпионат алаңдарына 12 мыңнан астам оқушы келді. Олар үшін «Менің болашақ мамандығым» атты кәсіптік бағдар беру жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Салтанатты жабылу рәсімі 30 наурыз күні Оқушылар сарайында өтті. Өңірлік кезең жеңімпаздары Алматы құрамасына еніп, елордада өтетін WorldSkills Kazakhstan – 2026 ұлттық чемпионатында қаланың намысын қорғайды.

Чемпионатты өткізу қолданбалы дағдыны дамытуға және қазіргі экономиканың талаптарына сай білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Алатау ауданында инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр