Алатау ауданында инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр

Рахат-Мәдениет шағын ауданындағы жұмыстардың 98 пайызы бітіп тұр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданы жыл соңына қарай су және кәріз жүйесімен толықтай қамтылады, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі уақытта мұнда инженерлік желілерді тарту және жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Шапағат, Теректі, Болашақ және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында жалпы ұзындығы 135,9 шақырым болатын су құбыры мен кәріз желілері салынуда. Бұл ауқымды шаруаның нәтижесінде 34 мың тұрғын орталықтандырылған коммуналдық қызметке қол жеткізбек.

«Рахат-Мәдениет шағын ауданындағы жұмыстардың 98 пайызы бітіп тұр, қалған бөлігін осы жылы толық аяқтаймыз. Инженерлік жұмыстардан кейін құдықтарды тазалап, асфальт төсеуге дайындап жатырмыз. Алдағы бір-екі аптада асфальттауды бастаймыз. Сонымен биыл Рахат-Мәдениет шағын ауданын 100 пайызға бітіріп шығуымыз керек», – деді Алатау ауданының әкімі Данияр Қырықбаев.

Инфрақұрылымнан бөлек, ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысына да басымдық берілген. Саялы шағын ауданында құны 11,6 миллиард теңге болатын инновациялық шығармашылық орталық бой көтеріп жатыр. Үш қабатты заманауи кешенде 300 орындық көрермен залы, спорттық үйірмелер, музыкалық студиялар мен компьютерлік сыныптар қарастырылған.

«Саялы шағын ауданында екінші инновациялық шығармашылық орталық салынып жатыр, ол маусым айында ашылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қарасу шағын ауданында мемлекет меншігіндегі бос жер телімі бар. Сол жерге үшінші инновациялық шығармашылық орталық пен дене шынықтыру кешенін салып беруді қала басшылығынан сұрап отырмыз», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Бектас Сәбитов.

Аудан басшылығының айтуынша, бұл жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жаңа мүмкіндіктер сыйлайды.

Оқи отырыңыз: Алматыны газға көшіру: газ турбиналары мен генераторлар орнатылуда

Новости партнеров