Алматыда болашақтың спорты қалыптасады

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистер алдында сөз сөйлеп, қаладағы спорттық инфрақұрылымның қазіргі жағдайы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы мен бұқаралық әрі кәсіби спортқа арналған нысандарды дамытуды көздейтін жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазіргі таңда Алматы қаласында 3 638 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 54,6 пайыз.

«Спорт залдары 78,3% қамтылса да, әлі де 39,5 мың шаршы метрдей алаң тапшы болып отыр, жүзу бассейндері бойынша көрсеткіш 31% және ондағы тапшылық 39,2 мың шаршы метрдей болады», – деді Дархан Нұрханұлы.

«Бұл дерек алда атқарылатын жұмыс ауқымын көрсетеді, қазір біз осы олқылықты жою үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз».

Жеке инвестициялар есебінен спорт нысандарын салу мен жаңғыртуға да көп көңіл бөлініп отыр.

Былтыр Алатау ауданында осындай теннис орталығы пайдалануға берілді. Бұл нысан 2020 жылдан бері бұрынғы мердігерлердің жауапсыздығына байланысты аяқталмай тұрған болатын.

«Инвесторлардың қолдауының арқасында құрылыс толық аяқталып, бүгінде орталық спортшыларды қабылдауға және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық дайын», – деді Спорт басқармасының басшысы.

Сонымен қатар бассейні бар, жалпы аумағы 7 400 шаршы метр болатын, тәулігіне 600-ден астам адамды қабылдай алатын «Жас Қанат» дене шынықтыру-сауықтыру кешені де ашылды.

«Жаңа кешен бұқаралық спортты дамытып, кәсіби спортшыларды даярлау мүмкіндігін едәуір кеңейтті», – деді Дархан Нұрханұлы.

Демеушілік қаражат есебінен жоғары спорттық шеберлікке арналған арнаулы мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аталған нысан аумағында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып келеді. 

Сондай-ақ, №9 спорт мектебінде ғимараттың сейсмикалық тұрақтылығын күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

«Бұл спортшыларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жаттығу үшін жағдай жасау жолындағы маңызды қадам», – деді Нұрханұлы.

Сөз соңында Спорт басқармасының басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту қала саясатының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді. Алдағы жылдары жаңа нысандар салу, қолданыстағыларды жаңғырту және инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табады.

«Мақсатымыз – әрбір алматылықтың жасына және дайындық деңгейіне қарамастан, сапалы спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп сөзін түйіндеді басшы.

Новости партнеров