Олардың қатарында мүгедек жандар, жетім балалар, зейнеткерлер мен Ауған соғысының ардагерлері де бар
Алматыда жалдамалы пәтерге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына 124 баспананың кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың қатарында мүгедек жандар, жетім балалар, зейнеткерлер мен Ауған соғысының ардагерлері де бар. Қуанышқа кенелгендер құжатын реттеп болғаннан соң, бірден Наурызбай ауданы Шұғыла ықшамауданында орналасқан пәтеріне қоныстана алады. Атап өтер жайт, қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен биыл кезекте тұрғандарға 2000 жылжымайтын мүлік беру жоспарланған. Бағдарлама екі кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Алғашқысы мамыр-маусымда өткізілген. Соның нәтижесінде 1080 баспана өз иесін тауыпты.
"Өте қуаныштымын. Қызым үй алып жатыр. Мемлекет басшысына рахмет!. Елімізде тыныштық болсын, апаттан сақтасын! Жастарымыз өсіп-өніп, қуанышты күн көп болсын!" – деді зейнеткер Сәуле Кәрімова.
"Пәтерлер тек таза күйінде беріліп жатыр. Ішіне кіре беруге болады. Жылу, ыстық су, суық су бәрі қосылған. Келісімшарт бойынша жалдау ақысы бар. Ол пәтердің санына қарай бөлінеді. Бір бөлмелі пәтер 10 мың теңге, 3 бөлмелі 20-25 мың теңге төлеуі керек"– деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында 34 ескі үй сүрілді