Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді – Президент

15.11.2024 16:10

Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзінде күзгі жиын-терінде еліміздің астықты мол алуына мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізіліп, қажетті көмек берілгенін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр.

"Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді (биылғы қазан айында жылдық инфляция 8,5 пайызды құрады), сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды. Мұнайдан тыс салаларды дамыту арқылы оң динамика байқалады. Бұл – маңызды үдеріс. Ішкі жалпы өнім өсімінің үштен екісінен астамы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығына тиесілі. Осы бағыттағы белсенді жұмысты жалғастыру керек.

Қазақстан шет елдерден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр", - деді Президент.

Оның айтуынша, биыл жетекші халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның қазіргі несие рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде тұрғанын растады.

"Қыркүйекте Moody’s агенттігі Қазақстанның ұзақмерзімді рейтингін "Тұрақты" деңгейіне көтерді. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтиже. Инвестиция экономиканың кен өндіруден тыс салаларына көбірек тартылды. Өңдеу секторы көлемі жағынан қазірдің өзінде кен өндіруді басып озды әрі үздіксіз өсіп келеді (өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47 пайызды құрайды). Бұл салада бүгінде 630 мың азамат жемісті еңбек етеді", - деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, катодты мыс (Қарағанды облысы), ферроқорытпа (Павлодар облысы), жүк көліктерінің бөлшектері (Қостанай облысы), цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі (Жамбыл облысы) секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазіргі уақытта вольфрам кенін қайта өңдеу (Алматы облысы), Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру (Қостанай облысы), мыс концентраты (Жамбыл облысы), жылу оқшаулағыш материалдары (Алматы облысы) және қыш тақталары (Шымкент қаласы) өндірістері пайдалануға берілді. Атырау облысында полипропилен шығаратын зауыттың ашылуы мұнай-газ химиясы саласының толықтай қалыптасуына ықпал етті. Алдағы уақытта полиэтилен мен бутадиен өндіру жоспарланған. Маңғыстау облысында еуропалық консорциумның қатысуымен «жасыл» сутегі өндірісі жобасы жүзеге асырылады. Осылайша елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылып жатыр.

"Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта "Отан", "Наурыз" және "Асыл мекен" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылды. Сондай-ақ көктемгі су тасқынынан зардап шеккен 17 мыңнан астам отбасының баспана мәселесі шешімін тапты", - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйледі