Реновация бағдарламасы: Алматыда 600-ден астам тұрғын жаңа пәтерге қоныстанады

18.07.2025 19:35

Биыл  78 ескі үй сүріледі

Алматыда биыл реновация бағдарламасы аясында 78 ескі үй сүріледі. Демек, 600-ден астам адам жаңа пәтерге қоныстанады. Бұл туралы қала әкімдігіне қарасты күрделі құрылыс кәсіпорнының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, Жәмилә Сұлтанованың жаңа пәтерге қоныстанғанына көп уақыт болмаған. Ол осыған дейін 1930 жылдары салынған екі қабатты ескі үйде тұрып, реновация бағдарламасы аясында жаңа баспанаға уақытша көшіп келген. Өйткені өзінің үйі сүріліп, орнына жаңасы салынады. Келісім бойынша сол мекен-жайға қайта ораламын деген Жәмилә Сұлтанова қазіргі жағдайына да риза екенін жеткізді.

«Ойын алаңы жақсы, өте тамаша. Кешке жақын шығып, демаламыз. Аудан тыныш.  Бұл пәтердің ауданы ескі баспанадан үлкен», – деді қала тұрғыны Жәмилә Сұлтанова

Алматылықтар «бөлме үшін бөлме» қағидаты бойынша жаңа тұрғын үй алады немесе оларға бұрынғы жылжымайтын мүліктерінің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы беріледі. Сондай-ақ ескі үйдің орнына жаңасы салынатын болса, келісім бойынша соған қайта оралуға болады.  Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтерлер таза күйінде беріледі.

Айта кетейік, бағдарламаға сәйкес, тұрғындарды көшіру және үй-жайларды бұзу меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.

«Түрксіб ауданы – қаладағы ең ескі аудан. Тұрғын үй қоры ескі. Қазір күш-жігерімізді сол жаққа салып жатырмыз. Қазір Молдағалиев-Ақындар-Спартак-Толстой көшелерінің аумағында жұмыс жүріп жатыр. Ол үйлер 30-жылдары салынған. Кейбірінде жылу, жуынатын бөлме сынды қарапайым жағдай жасалмаған. Қазір ондағы 103 пәтердің тұрғындары қоныс аударды. Кейбірі біржола көшіп кетсе, кей азаматтар жаңа үй салынғаннан кейін қайтып ораламыз деген келісіммен көшті», – деді Алматы қаласы әкімдігі «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС Қоныс аудару департаментінің директоры Наталья Кнауб.

Алматыда биыл ескі тұрғын үйлерде тұратын 220 адам жаңа пәтерлерге қоныс аударған. Оның ішінде 99 адам – Түрксіб ауданының тұрғыны.

Қоныс аудару «Алматы қаласының тұрғын үйін 2030 жылға дейін жаңарту» бағдарламасы  аясында іске асып жатыр. Жыл соңына дейін 600 адамды жаңа пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған.

Ал 2030 жылға дейін шаһардағы ескі үйлердің санын 1 366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 мың 500 меншік иесін заманауи пәтерге көшіру жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда бақылаусыз жатқан аумақтар қоқыстан тазарды