Айнабұлақ пен Мақатаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймақтары толық жаңғыртылды
Республика күніне орай Алматының Жетісу ауданында жаңғыртылған қос бірдей жаяу жүргіншілер аумағы ашылды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында Айнабұлақ шағынауданындағы «Арбат» және Мақатаев көшесіндегі қоғамдық кеңістік толық көркейтілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Нақтырақ айтсақ, аумаққа 9 жарым мың шаршы метр тас төсемі салынып, 266 заманауи шам тірегі орнатылған. Бұдан бөлек, 15 мың шаршы метрге жуық жерге көгал егіліп, ұзындығы 7,7 шақырым автоматтандырылған суару жүйесі жүргізілген. Сондай-ақ
балалар алаңы жасалған, 25 қоқыс жәшігі мен 40 орындық орнатылған. Ал жасыл аймаққа ұзындығы 274 метр болатын қоршау қойылыпты.
«Аталған жұмыстар мамыр мен қазан айлары аралығында жүргізілді. Құрылыс жұмыстары үнемі бақылауда болды – аудан тарапынан күнделікті байланыс орнатылып, барысы қадағаланып отырды. Сонымен қатар Мақатаев көшесіне алты жаңартылған аялдама орнатылды. Сондай-ақ адамдар жүріп өтпеуі үшін жасыл аймақтың қоршауы да қойылды», – деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Талғат Кенжебаев.
Демалыс аумағында сонымен қатар, киіз үй пішініндегі сәндік арка және шағын аудан атауы жазылған инсталляция орнатылған. Балалар үшін ерекше дизайндағы пиксель-алаңша жасалып, отбасылық демалыс үшін таптырмас орынға айналды. Аталмыш жоба аумақтың эстетикалық келбетін жақсартып, тұрғындар үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталып отыр.
«Жұмыс барысында 14-16 техника жұмылдырылды және 35-40 адам жұмыс жасады. Құрылыста пайдаланылған материалдардың барлығы Қазақстаннан шығарылған материалдар. Өте тығыз орналасқан жер, адамдар өте көп. Мектеп оқушылары көп», - деді мердігер компания өкілі Дамир Әшірбаев.
Оқи отырыңыз: Алматылық құтқарушыларды Президент "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады