Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді – Дархан Сатыбалды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

2025 жылы бюджеттен 50,8 млрд теңге бөлініп, 1 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды шағын және орта бизнестің мегаполис экономикасындағы зор үлесін, сондай-ақ туристік саланың дамуындағы оң серпінді атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. Бұл сектор жалпы өңірлік өнімнің шамамен 60%-ын және жергілікті бюджетке түсетін кірістердің басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қаладағы еңбекке қабілетті халықтың шамамен 90%-ы, яғни 1 миллионнан астам адам шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,4%-ға өсіп, 387 мыңға жетті. Ал өндірілген өнім көлемі 21%-ға артып, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 13,2 трлн теңгеге жетті», – деді Алматы қаласының әкімі.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау және оны одан әрі дамыту мақсатында 2025 жылы бюджеттен 50,8 млрд теңге бөлініп, 1 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Аталған шаралар іскерлік белсенділікті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және қаланың экономикалық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Брифинг барысында Дархан Сатыбалды Алматының жетекші туристік бағыттардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келе жатқанын атап өтті. CNN Travel нұсқасы бойынша мегаполис 2025 жылы әлемдегі ең үздік 25 туристік бағыттың қатарына енді.

«Биылғы 9 айда қаламызға 1,9 млн турист келді, оның ішінде 563 мың адам – шетелдік қонақтар. Көрсетілген туристік қызмет көлемі 17,4%-ға артып, 82,4 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіштер қаланың тартымдылығы артып, туристік инфрақұрылымның жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқын көрсетеді», – деп сөзін түйіндеді Дархан Сатыбалды.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі экономика өсімі, инвестиция және қала тұрғындары әл-ауқатының артуы жөнінде мәлімдеді

Новости партнеров