Алматыдағы сайлау учаскелерінің жабылуына да 1 сағаттан аз уақыт қалды. Сағат 20:00-де дауыс беру аяқталып, комиссия мүшелері бюллетеньдерді санауға кіріседі. Қалада учаскелерге асыққан тұрғындарының қарасы әлі де қалың, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жексенбілік саяси науқан да мәресіне таяды. Сағат 20:00-де сайлау учаскелерінің есігі жабылып, дауыс беру аяқталады. Алайда комиссия мүшелерінің жұмысы мұнымен тоқтамайды. Керісінше, дәл сол сәттен бастап бюллетеньдерді санау, дауыстарды саралау және қорытындыны хаттамаға енгізу жұмысы басталады. Биыл алматылықтар сайлау күнін ерекше көңіл-күймен өткізгені анық. Тұрғындар нағыз креатив пен белсенділіктің үлгісін көрсетті. Кейбір тұрғындар учаскелерге ұлттық киіммен келсе, енді бірі түрлі образдарымен көпшіліктің назарын аударды. Кей сайлау учаскелерінде дауыс бергеннен кейін әуезді ән шырқалып, ойындар ұйымдастырылып, шағын концерттік бағдарламалар да ұсынылды. Яғни бүгінгі саяси күн Алматыда қызыққа толы өтті деуге болады.
«Бүгін – керемет қуанышты күн. Алғашқы Құрылтайымызға дауыс берейік деп жатырмыз. Әділетті Қазақстан деп жатырмыз, қаншама жыл болды, сайлауда дауыс беріп келміз. Бірақ, бұл – ерекше құбылыс. Әділ болсын! Құрылтайымыз ұзағынан болсын» – деді қала тұрғыны Зура Әмірғалиқызы.
«Бүгін – өте маңызды іс-шара Құрылтайдың алғашқы сайлауы болып жатыр. Соған қатысқанымыз үшін қуаныштымын. Өзіміздің таңдауымызды жасадық. Бұл деген Қазақстан елінің болашағына, оның өсіп-өнуіне деген заңдардың қабылданып, соның іске асуына деген бір жақсы қадам деп есептейміз», – деді қала тұрғыны Болат Айтымбетов.
Айта кетейік, дауыс беру аяқталып, бюллетеньдер саналып болған соң, экзитпул нәтижелері, яғни бастапқы болжамды сандар белгілі болады. Ал нақты қорытынды дауыс толық есептелініп, тиісті хаттамалар рәсімделгеннен кейін белгілі болады. Соңғы нәтижелерді Орталық сайлау комиссиясы жариялайды.
Оқи отырыңыз: Сәтбаев қаласында кеншілер әулеті дауыс берді