Халықаралық бақылаушылар Алматыдағы сайлау барысын жоғары бағалады

23.08.2026 14:36

Шетелдік бақылаушылар сайлау учаскелерін аралады 

Сайлау барысын халықаралық қауымдастық өкілдері де жіті бақылауда. Бүгін елге арнайы келген шетелдік депутаттар, халықаралық ұйым өкілдері мен журналистер дауыс беру барысымен танысты. Олар учаскелердің техникалық жабдықталуына, сайлаушыларға көрсетілген ақпараттық қолдауға назар аударды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыдағы халықаралық бақылаушылар мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қолғабыс көрсету орталығында әлемнің әр түкпірінен келген депутаттар, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы, яғни ТҮРКПА өкілдері, консулдар, халықаралық ұйым мүшелері мен журналистер бас қосып, сайлау барысын жан-жақты бақылап отыр. Бірінші брифинг барысында халықаралық ұйымдардың өкілдері сайлау процесіне қатысты алғашқы бағаларын берді.

Бақылаушылар таңғы сағат 07:00-ден бастап бірнеше сайлау учаскесін аралап, дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын, учаскелердің дайындығын және азаматтарға жасалған жағдайды бақылаған. Шетелдік қонақтар, әсіресе, халықтың сайлауға деген белсенділігін атап өтті. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалғанын оң бағалап отыр.

«Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сайлау учаскелерінің өкілдері өз міндеттерін жақсы атқаруда. Осы ретте сайлау комиссиясының өкілдерін құттықтағым келеді, әсіресе Алматы қаласының қызметкерлеріне рақмет айтамын. Түстен кейін де біз байқауымызды жалғастырамыз. Бұл сайлау жақсы нәтижесін берсін деп тілеймін», – деді ТҮРКПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының мүшесі Филиз Кылыч.

Брифинг барысында мамандар Қазақстандағы сайлау тәжірибесіне де тоқталып, оны өзге мемлекеттердегімен салыстырды. Әр елдердегі дауыс беру тәртібі, сайлауды ұйымдастыру тәсілдері мен азаматтардың қатысу белсенділігі жөнінде пікір алмасты. Ал ТҮРКПА өкілдері Құрылтай сайлауының ел өміріндегі айрықша маңызына тоқталды. Олар мұндай саяси науқанның азаматтардың қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беретінін атап, бүгін әрбір дауыстың мәні зор екенін тағы жеткізді.

«Бүгін негізгі байқаушыларымыз үш бағытты көрдік, мықты деңгейде дауыс беруді ұымдастыруда жақсы шарттар түзілген. Сайлаушылардың тақтасы, бюллетендерді беруі, жасырын дауыс беруі, барлық талаптар сақталған», – деді ТҮРКПА Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселелер жөніндегі комиссиясы төрағасының м.а. Улукбек Карыбек уулу.

Халықаралық бақылаушылардың қатысуы – сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі. Әр елден келген сарапшылардың тәжірибе бөлісуі де саяси процесті сырт көзбен бағалауға мүмкіндік береді.

Брифинг мұнымен аяқталмайды. Енді халықаралық бақылаушылар мен сарапшылардың қатысуымен талқылау жалғасып, сайлау барысына қатысты қосымша бағалар беріледі. Ал шетелдік және отандық журналистер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, мамандардан тікелей жауап ала алады. 

Оқи отырыңыз: Құрылтай: ұлтты ұйыстырған ұлы дәстүрдің жаңа дәуірдегі жалғасы

Толық көрсету