Алматыдағы әлеуметтік кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік қолдау көрсетіледі

20.05.2026 14:54
Depositphotos

Алматы қаласының әкімдігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу үшін өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы құжат қабылдайды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Шағын және орта бизнес субъектілеріне жататын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өтінім бере алады.

Әлеуметтік кәсіпорын мәртебесі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға, жұмыс орындарын ашуға, арнайы тауарлар өндіріп, қызмет көрсетуге, сондай-ақ білім беру, мәдени-ағартушылық және қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға бағытталған кәсіпкерлерге беріледі. 

Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шарасы қарастырылған. Атап айтқанда, 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген шарттармен ғимарат беру және жеңілдетілген несие бағдарламалары ұсынылады. 

Өтінім 2026 жылғы 1-15 маусым аралығында мына мекенжай бойынша қабылданады: Алматы қаласы, Байзақов көшесі, 303, 3-қабат, 302-кабинет.

Белгіленген мерзімнен кеш тапсырылған құжаттар қаралмайды. Сондай-ақ, құжаттардың толық болмауы немесе жалған мәліметтердің ұсынылуы өтінімді кері қайтаруға негіз болады.

Қосымша ақпаратты +7 (727) 390-20-99 телефоны арқылы алуға болады.

Байқау талаптары мен қажетті құжаттар тізімі  Adilet.kz сайтында жарияланған.

Оқи отырыңыз: 1312 жедел желісі: алматылықтар кене шағуы мен вакцинация бойынша кеңес ала алады