«Eco Almaty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері Алматы тұрғындарын 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға қатысуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кәсіпорын ұжымы дауыс беруге қатысу әрбір азамат үшін өз ұстанымын білдіріп, елдің дамуына үлес қосудың маңызды мүмкіндігі екенін атап өтті. Қызметкерлердің айтуынша, қоғамдық маңызы бар үдерістерге Алматы тұрғындарының белсенді қатысуы – азаматтық жауапкершілік пен мемлекеттің болашағына бейжай қарамаудың көрінісі.
«Eco Almaty» ұжымы референдум азаматтарға мемлекеттік маңызы бар маңызды мәселелерді шешуге қатысуға мүмкіндік беретін тікелей демократияның негізгі тетіктерінің бірі екенін айтты.
Компания қызметкерлері Алматы тұрғындарын белсенді азаматтық ұстаным танытып, осы жексенбіде сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауға шақырды.
Еске сала кетейік, референдум мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп отыр. Онда Қазақстан Республикасының жаңа Ата заңының жобасы қарастырылады. Бұл жоба елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға, демократиялық институттарды нығайтуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға жағдай жасауға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі жаңа жұмыс кестесіне көшті