Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды жоба жаз бойы мегаполистің басты мәдени алаңдарының біріне айналмақ
Алматыда ең ауқымды музыкалық жобалардың бірі - Almaty Summer Fest өтті. Мәдени марафонның екінші кеші «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдында мыңдаған көрермен жинады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды жоба жаз бойы мегаполистің басты мәдени алаңдарының біріне айналмақ. Сонымен қатар қаланың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, отандық өнерпаздарға қолдау көрсетеді. Ашық аспан астындағы фестиваль қала әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Бұл жолы Сахнада Мадина Сәдуақасова, Ерке Есмахан, Бақыт Шадаева және «Muzart Live» секілді танымал әншілер ән айтты. Сонымен қатар заманауи бағыттағы жас әртістер де өнер көрсетті. Түрлі буын өкілдері мен әртүрлі жанрдағы музыканы біріктірген фестиваль жиналған қауымға ұмытылмас кеш сыйлады.
«Осы жерде жазғы фестиваль өтіп жатқаны өте ыңғайлы, дұрыс деп ойлаймын. Алматыда өтетін жазғы музыка фестиваліне шақырамын, келіңіздер! Ол тамыз айының соңына дейін өтеді», – деді әнші, композитор Өктем Алтаев.
«Summer Fest өтіп жатыр, ән айттым. Көрермен де, біз де сағыныппыз. Әр сенбі сайын Алматы қаласының әкімдігі керемет кездесулер ұйымдастырып жатыр, алғысымыз шексіз. Халық өте көп болды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадина Сәдуақасова.
Мегаполис тұрғындары мен қонақтарын бір ортаға тоғыстырған Almaty Summer Fest-тің мақсаты – отбасылық демалысқа арналған жайлы орта қалыптастыру. Тұрғындардың айтуынша, бұндай ауқымды концерттер қаланың мәдени тынысын ашып, демалыс күндерін жақсы өткізуге мүмкіндік береді. Фестиваль әр сенбі сайын қаланың әртүрлі мәдени алаңдарында өтіп тұрады.
«Жазда апта сайын концерт болады. Ауданды көркейтіп жатыр, ризамыз. Көңілді кешті өткізіп жатыр», – деді қала тұрғыны Жазира Жолдасовна.
Оқи отырыңыз: Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуа қаласына табыстады