Алматы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесін Хиуа қаласына табыстады

Жоба аясында жастар қаласында 50-ден аса халықаралық іс-шара ұйымдастырылған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы» жылы ресми түрде аяқталды. Іс-шараның жабылу рәсімі Көктөбеде ұйымдастырылып, оған алматылық жастар мен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің өкілдері, қала әкімінің орынбасары мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іс-шараның шымылдығы ән-күймен ашылып, жиылған қауым ерекше көріністің куәсі болды. Өз сөзінде барша жұртты құттықтаған Абзал Нүкенов бастаманың сәтті жүзеге асуына үлес қосқан әрбір жанға ризашылығын білдіріп, бірлескен жобалар әлі де жалғасын табатынын жеткізді

«Жастар арасындағы достық нығайып, жаңа серіктестіктер қалыптасты, тәжірибе алмасу кеңейіп, ортақ жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Бұл үрдіс қорытынды іс-шаралар аясында да жалғасын тапты. «Digital Turkic Youth» халықаралық форумы және халықаралық жастар кемпингі жастар арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, болашақтағы бірлескен бастамаларға негіз қалады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

«Бұл іс-шаралар мыңдаған жасты ортақ құндылықтар идеялары мен игі бастамалар аясында біріктірді. Жастар астанасы жылы нақты әрі маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мұның барлығы еліміздің бауырлас халықтар арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, жастар дипломатиясын дамытуға және еліміздің бастамаларын халықаралық деңгейде насихаттауға жол ашты», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Айбек Сыдықов.

Салтанатты рәсім барысында «Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі Алматыдан Өзбекстанның Хиуа қаласына ресми түрде табысталды. Енді алдағы бір жылда бауырлас ел мыңдаған жастың басын біріктіретін алаңға айналмақ.

Айта кетейік, жоба аясында Алматыда 50-ден аса халықаралық іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында жастар алмасу бағдарламасы, көшбасшылар мен кәсіпкерлер форумы, мәдени фестивальдер мен халықаралық зияткерлік және экологиялық жобалар бар. Аталған бастамаларға түркі мемлекеттерінен 40 мыңнан аса жас қатысты. 

«Алматы – мыңдаған жастың пікір алмасуына, берік достық қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік жасады. Түркі Әлемінің болашағын қалыптастыруға зор үлес қосты. Жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, міндетін абыроймен алып шықты. Ендігі кезек  тарихы терең, мәдени мұрасы бай Хиуа шаһарында. Сондықтан ондағы жастарға тек сәттілік тілеймін!» – деді Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев.

Оқи отырыңыз: Жаңа мектеп пен емхана: Шаһар басшысы Түрксіб ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап берді

Новости партнеров