Алматы метросын әуежайға дейін жеткізу жобасы әзірленіп жатыр
«Алматы метросын әуежайға дейін жеткізу жобасы әзірленіп жатыр». Бұл туралы Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуде шаһар басшысы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда 700 мыңнан астам автомобиль тіркелген. Ал облыстан күн сайын 450 мыңға жуық темір тұлпар келеді. Сәйкесінше, жүктеме мәселесі мегаполисте өзекті. Ал оны біржақты ету үшін жедел қоғамдық көлікті дамыту қажет. Бұл – қала әкімі Ерболат Досаевтың пікірі. Шаһар басшысы Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде Алматының метросын ұзартып, ЛРТ, БРТ сынды жобаларды жүзеге асыру жайлы айтты.
"Адамдар жеке көлікті емес, ары-бері қатынау үшін автобусты немесе метроны таңдауы тиіс. Бұл мобильділікті, қауіпсіздікті, жайлылықты арттырып, шаһар экологиясын жақсартатынын түсініп отырмыз", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ Ерболат Досаев кездесуде төменгі Бесарық шағынауданындағы инженерлік желілердің құрылысына бақылауды күшейтуді тапсырды. Бүгінде жоспарланған 115,5 шақырым су құбырының 100-і, ал 31,8 км кәріз желісінің 27,8-і салынған. Бұл 4080 абонентті, яғни 67 көшені қамтиды. Алайда тұрғындар «инженерлік желілер салынып біткен соң, төселетін жол жабындысының сапасы көңіл көншітпейді» деп қала әкіміне шағымданды.
"Төселген асфальттың сапасы нашар, тез бүлінеді. Сол үшін оны жіті бақылап, қадағалау қажет. Көшеміздегі жолдың жағдайы мәз емес",– деді қала тұрғыны.
"Бұл жобаның жағдайын өте жақсы білемін. Жол жабыны шөгіп немесе бүлінсе, мердігер кепілдік міндеттемелері аясында қалпына келтіру жұмысын жүргізеді. Тұрғындар көтерген барлық мәселе бойынша тапсырма беріледі. Жеке бақылауыма аламын", – деді қала әкімі.
Қала басшысы аудан тұрғындарымен кездесуінде Алматыдағы Баум тоғайы келесі жылы абаттандырылатынын айтты. Ал онда орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының зейнеткерлері мегаполис әкіміне өтінішін жеткізді.
"Мен зейнеткермін. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығына барамын. Онда жарық бағандарын орнатып, бейнебақылау камераларын іске қосса деген өтінішім бар", – деді қала тұрғыны.
"Келесі жылы тоғайды ретке келтіруді бастаймыз. Онда жарықтандыру жүргізіліп, бейнекамералар орнатылады. Сондай-ақ ыңғайлы жол саламыз. Тоғайда жүру қауіпсіз әрі жайлы болады. Жұмысты келесі жылдың күзінде аяқтауға тырысамыз", – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Одан бөлек, қала әкімі Алматыда инклюзивті орта құру үшін психологтар мен дефектологтарды даярлау бағдарламасы енгізілетінін атап өтті. Мегаполис басшысының айтуынша, шаһарда психолог мамандар тапшы.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыда «Жарқын күз» эконауқаны басталды