Құтқарушылар күні: сала мамандарына қандай қолдау көрсетіліп жатыр

19.10.2024 11:38

Орман шаруашылығы саласының техникалық-материалдық жабдықталуына 52 миллиард теңге қарастырылған

Елімізде өрт сөндірушілердің жалақысы жыл сайын көтеріліп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Былтырдан бері аталған сала мамандарының айлығы 50 пайыздан 77 пайызға өсті.  Оқиға орнында жедел әрекет еткені үшін жалақысына тағы 10 пайыз қосылады. Бүгінде өрт сөндіруші болып алғаш рет жұмысқа кірген маманның еңбекақысы 180 мыңнан басталады. Құтқарушылар күні қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы баспасөз турын өткізіп, тілшілерге Астанадағы командалық орталықты көрсетті. Дәл осы жерге өрт туралы хабар бірінші жетіп, бұйрық беріледі.     

"Қазіргі уақытта өрт сөндіруші, құтқарушылар тек өртті сөндіріп қоймайды. Авариялық құтқару, қызметтен тыс уақытта өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін профилактикалық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар жазғы уақытта шомылу маусымында суда шомылу қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі командалық орталық басшысының орынбасары Тілеуберді Мәдиев.

Ал орман шаруашылығы саласының техникалық-материалдық жабдықталуына 52 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ақшаға өрттің алдын алуға арналған құрылғылар алынып жатыр. Оның үстіне, қызметкерлердің жалақыларына 100 пайыз үстемақы төленген. Қазір орман шаруашылығында барлығы 17 мың 500-ге жуық маман тер төгуде. Оның 4 мыңнан көбі  штаттан тыс қызмет ететіндер. Енді осы санаттағы қызметкерлердің де айлығы өсседі.

"Биыл штаттан тыс орман, өрт станцияларында жұмыс істейтін және десанттық өрт сөндірушілерге  үстемеақы қарастырылды. Жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басқарма басшысы Азамат Абуов.

Оқи отырыңыз: Кішкентайымнан қаһарман болуды армандадым - құтқарушы