Заң мен тәртіп: Алматыда "Сергек" камералары 3 млн-нан астам заңбұзушылықты тіркеді

29.11.2024 18:51

Аталған жүйенің арқасында жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітім азайды

Пресс-служба акима города Алматы

Алматыда жол-көлік оқиғаларының саны "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізгеннен кейін 17%-ға азайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Олжас Жанабектің айтуынша, "Сергек" кешендерінің үш жылдық жұмысы барысында Алматы жолдарында апаттар мен өлім-жітім деңгейі айтарлықтай төмендеді.

"Бүгінде мегаполисте 1641 "Сергек" кешені жұмыс істеп тұр, бұл 9152 бейнебақылау камерасын қамтиды. 2021 жылдан 2024 жылдың шілдесіне дейінгі аралықта жолдардағы өлім-жітім 40%-ға, жол-көлік оқиғаларының саны 17%-ға, ал апат салдарынан жарақат алғандардың саны 30%-ға азайды", - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жоба іске қосылғаннан бері қалалық бюджетке 44,08 миллиард теңге түскен.

Айта кетейік, тек биылғы жылдың тоғыз айында Алматыда 3 миллионнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, 18,6 миллиард теңгеден астам айыппұл өндірілген.