Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу: Алматыда қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жиын өтті

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

Кеңеске түзеу мекемесінің қызметкерлері, сондай-ақ 200-ден астам сотталған азамат қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Заң және тәртіп» бастамасы аясында Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) №13 мекемесінде семинар-кеңес өткізді. Жиынның негізгі тақырыбы – қылмыстық-атқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кеңеске түзеу мекемесінің қызметкерлері, қадағалау қызметінің өкілдері, сондай-ақ 200-ден астам сотталған азамат қатысты.

Негізгі баяндаманы Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің алдын алу басқармасының басшысы Қанат Салимбаев жасады. Ол өз сөзінде қылмыстық-атқару мекемелерінің жұмысында ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

«Заң талаптарын сақтау және сотталғандардың құқықтарын қорғау – тек заңнамалық міндет қана емес, сонымен қатар құқықтық мемлекеттің даму деңгейін көрсететін маңызды өлшем. Қызметкерлер де, сотталғандар да кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен аулақ болуы тиіс. Ол үшін қоғамдық және ішкі бақылау тетіктерін тиімді енгізу қажет», – деп атап өтті Қанат Салимбаев.

Кездесу барысында жазаны өтеу кезінде заң талаптарының сақталуы, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің жұмысының ашықтығы, сондай-ақ сотталғандарды қайта тәрбиелеу және қоғамға бейімдеу шараларының тиімділігі талқыланды. Әсіресе, түзеу мекемелерінің қызметкерлері үшін әдеп қағидаларын қатаң сақтау және қызметтік міндеттерді орындауда ішкі бақылауды күшейту қажеттігінеерекше назар аударылды.

Сотталғандар өздерінің қамауда ұсталуы белгіленген талаптарға сәйкес екенін және мекеме қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне қатысты шағымдары жоқ екенін айтты. Сонымен қатар, олар жазаны жеңілдету мәселесіндегі сот шешімдерінің әртүрлілігіне алаңдаушылық білдірді.

Қанат Салимбаев сотталғандарға сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келген кезде қандай қадамдар жасау керектігін түсіндіріп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгіну жолдарын жан-жақты баяндады.

Сонымен қатар, алдын алу шаралары аясында сотталғандарға қылмыстың алдын алу және оның салдары ретінде қылмыстық жаза туралы әлеуметтік бейнежазбалар дайындауға қатысу ұсынылды.

Бұл тәсіл құқықтық тәртіпті нығайтуға және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болып табылады.

Оқи отырыңыз: Төл теңгенің нығаюы уақытша құбылыс па - сарапшы пікірі

Новости партнеров