Shymbulak-та қысқы маусым басталды

19.12.2025 20:45

«Медеу» стансасында сырғанау жабдықтарын жалға беретін және сақтайтын жаңа нүкте ашылды

Алматының «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінде қысқы сырғанау маусымы басталды. Алатау баурайында орналасқан әсем тау курорты биыл қонақтарын жаңартылған қызмет түрлерімен, цифрландырылған жүйесімен және жетілдірілген инфрақұрылымымен қарсы алуға дайын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен маусымда Shymbulak 1,5 миллионнан астам турист қабылдап, курорт тарихында ең жоғары көрсеткіш тіркеді. 2030 жылға жоспарланған меже мерзімінен бұрын орындалған. Келушілер санының өсуі курорттағы инженерлік жүйелерді күшейтіп, қызмет сапасын арттыруды талап етеді. Сондықтан жаңа маусымда қонақтарды қабылдау тәртібі қайта қаралды. «Медеу» стансасында сырғанау жабдықтарын жалға беретін және сақтайтын жаңа нүкте ашылды. Сақтау орындарының саны 2 есе артты. Сондай-ақ кәсіби сноубордшылар мен шаңғышыларға арналған бөлек жалға беру нүктесі жұмыс істейді. Сәйкесінше, тау шаңғы жабдықтары да түгел жаңартылған.

«Жалға беру орнын, адам санын көбейтіп, биыл көбірек қонақ күтсек деп отырмыз. Бір күнде 500 адамдай қабылдай аламыз», – деді жалға беру орталығының меңгерушісі Мүслім Жұмаев.

Жаңа маусымда курорт аумағында қызмет сапасын цифрлы бақылау жүйесі іске қосылды. Қонақтар инфо-орталықтарда, тау шаңғысы және сноуборд мектебінде, сондай-ақ ресми сайтта орналастырылған QR-код арқылы пікір мен ұсыныс қалдыра алады. Бұл жүйе сервистегі кемшіліктерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

«Қонақтардан келетін өтініш көбейіп жатыр. Сондықтан олардың барлығын жүйелеп, әрқайсысымен нақты жұмыс істеуіміз керек. Ешбір қонақтың өтініші назардан тыс, ескерусіз қалмауы тиіс. Ал шағымдардың ішінде ең жиі айтылатыны – кезек мәселесі. Ең алдымен осы бағытта жұмысты күшейтеміз», – деді Клиенттік сервис және сапаны бақылау департаментінің басшысы Ольга Беляева.

Жұмыс күні болғанына қарамастан келушілердің қарасы қалың. Shymbulak-тағы тау шаңғысы және сноуборд мектебінде 100-ден астам инструктор жұмыс істейді. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімделген сырғанау бағдарламасы бар. Туристік ағынның артуына байланысты инженерлік инфрақұрылым да күшейтілді. Жаңартылған жасанды қар жасау жүйелері және аспалы жолдар тұрақты бақылауда. Биылғы маусымда курорт халықаралық компаниямен ынтымақтастық орнатқан.

«Көшкін кезіндегі қауіпсіздік, тәуекелдерді басқару және арқанжолдардың қауіпсіз жұмысына қатысты тренингтер өткізіп жатырмыз. Қызметкерлерді жаңа дағдыларға, Еуропада кең қолданылатын заманауи оқыту жүйелеріне үйретемін. Бірақ әр елдің өз ерекшелігі бар екенін ескереміз. Еуропа мен Қазақстанда менталитет басқа. Сондықтан мақсатымыз – еуропалық тәжірибені сол күйі көшіріп алу емес, жергілікті мәдениетке бейімдеу», – деді шетелдік компания өкілі Роман Серра.

Тарифтік саясат биыл да сақталған. Курорт low, regular және high форматындағы ски-пасстарды, сондай-ақ таңғы, күндізгі және түнгі тарифтерді ұсынады.

Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: ЖРВИ: Алматыда оқушыларды қашықтан оқыту жоспарда бар ма