Алматыда жұқпалы респираторлық вирустық инфекция өршіп тұр. Эпидемиологтардың мәліметінше, қалада осы аптада ЖРВИ-дің 14 мың 720 жағдайы тіркеліпті. Ал өткен жұмада науқастар қатары 740-қа кем еді. Сырқаттанғандардың жартысынан көбі – балалар. Оқушыларды қашықтан оқуға көшіру жоспарда бар ма?
Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова жауап береді.
– Алмаш Сәрсембайқызы, қалада эпидемиологиялық ахуал қалай?
«Алматы қаласында жіті респираторлық вирустық инфекциямен сырқаттанушылық бақылау деңгейінен аспайтын маусымдық өсуі байқалады. Биыл 50-аптасында қалада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 14 720 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш – 626,83, бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 5,2 пайыз жоғары және өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 16,3 пайыз төмен. Ауырғандардың 57,5 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларды құрайды. Биыл қаланың 170 мектебінде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 1045 жағдайы тіркелді. Бұл жалпы оқушылар санының 10 пайызынан төмен және бақылау деңгейінен аспайды».
– Науқастардың жартысынан көбі балалар екен. Енді оқушыларды қашықтан оқуға көшіру жоспарда бар ма?
«Оқушыларды қашықтан оқытуға қазіргі уақытта көрсеткіш жоқ. Қашықтан оқытуға ауысуды білім беру басқармалары мен мектеп басшылары шешетін болады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, егер де көрсеткіштің деңгейі 30 пайыз және одан асқан кезде ғана оқушыларды қашықтан оқуға жібереді».
– Қалада эпидахуалды тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін қандай амал-шаралар жүргізілді?
«Эпидемиологиялық маусымның алдында Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп бұйрық шығарылды. Бұйрыққа сәйкес, барлық медицина ұйымдары қызметкерлерімен семинар дайындықтары өткізілді. Олардың дайындығы және төсек орын, дәрі-дәрмек, залалсыздандыру препараттары, бір рет қолданылатын маскалар дайындалды. Биыл эпидмаусым алдында жергілікті бюджет қаражатына тәуекел тобындағы тұрғындарды тұмауға қарсы егу үшін 250 мың доза көлемінде 3 валентті «Гриппо+» вакцинасы сатып алынды. Қыркүйектен бастап тұмауға қарсы егу жұмыстары басталып, 13 қарашада аяқталды. Қала бойынша тәуекел тобындағы 250 мың тұрғынға егілді. Бұдан бөлек, 4115 тұрғын өз қаражатына және жұмыс берушілер қаражатына ақылы түрде жеке медицина орталықтарында екпе алды. Қала тұрғындарының 10,8 пайызы тұмауға қарсы екпемен қамтылды»