Бүгін – ел тарихындағы маңызды саяси науқандардың бірі
Шымкенттік тұрғындар да бүгінгі Құрылтай сайлауында белсенділік танытып жатыр. Таңмен таласа сайлау учаскесіне барып, бірінші болып дауыс берген тұрғындарға жаңа Конституция кітабы табысталды. Бүгін оңтүстік шаһарда 371 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін – ел тарихындағы маңызды саяси науқандардың бірі. Шымкенттіктер таңғы сағат 7.00-ден бері дауыс беру учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасап жатыр.
Ал бұл күнді ерекше көңіл күймен қарсы алу үшін сайлау орындарында Шым шаһардың символы – қызғалдақ пен қазақ ертегілерінің кейіпкерлері тұрғындарды қарсы алып жүр. Бұл – әсіресе алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар үшін есте қаларлық сәт болды.
«Бүгін өз таңдауымды беруге келдім. Дайындық өте керемет. Қазақстанымыз Жаңа Қазақстан болып, жаңара берсін», – деді қала тұрғыны Фатима Әбшенова.
Дауыс беру орындарында мерекелік көңіл күймен қатар, азаматтардың өз таңдауын еркін жасауына да баса мән берілген. Әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қажеттінің барлығы жасалған.
Айта кетейік, мұндай жағдай қаладағы барлық сайлау учаскелерінде қарастырылған.
«Қызығарлық жағдай, таңның атысынан апайымыз жаңарған Қазақстанға өзінің даусын беремін деп, бірінші болып келді. Ол кісі дауыс беріп, жаңа Конституция кітабын сыйлыққа алды. Қазақстанға талмай қызмет ете беруге қашанда дайынбыз», – деді сайлау учаскесінің төрағасы Сабет Қуатов.
Жалпы, бүгінгі Құрылтай сайлауында 713 мыңнан астам шымкенттіктің дауыс беруге құқығы бар. Әр азаматтың сайлау орнына оңай жетіп, өз таңдауын жасауы үшін қаладағы қоғамдық көліктер де тегін қатынап жатыр.
Бұдан бөлек, арнайы безендірілген автобустар мегаполис көшелерін аралап, тұрғындарға сайлау туралы ақпарат таратып жүр.
Сонымен қатар Құрылтай сайлауына орай әуе шары көкке көтерілді.
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы күні бірқатар қалада қоғамдық көлік тегін қатынайды