Тәуелсіздік жалыны: Алматы мектептерінің бірінде мерекелік іс-шара өтті

11.12.2025 16:53

Мерекелік іс-шарадан бөлек, дөңгелек үстел мен ашық сабақтар да ұйымдастырылған

«Тәуелсіздік жалыны – жүрегімізде». Алматыдағы мектептердің бірінде осындай ұранмен мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік күніне орай салтанатты кештің шымылдығын білім ошағының шәкірттері ұлттық киіммен, домбырада күй тартып ашты. Сондай-ақ көрме залында тарихи датаның өткені өрнектелген сурет залы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, балалар асық атып, арқан тартып, ұлттық ойындарды да дәріптеді. Іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. Білімгерлер патриоттық әндерді орындап, қойылымдар көрсетті. Негізгі мақсат – тәуелсіздік қадірін өскелең ұрпаққа түсіндіріп, оны жоғары деңгейде насихаттау.  

«Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы жалпы мақсатымыз – бабалардың арманын ақиқатқа айналдырған және еркіндіктің есігін айқара ашқан тәуелсіздіктің құдіретін жас жеткіншектердің бойына жеткізу және оның құндылығын ұғындыру», - деді № 110 мектеп-гимназиясының директоры Руфинат Әлдіғазы.

Мерекелік іс-шарадан бөлек, дөңгелек үстел мен ашық сабақтар да ұйымдастырылған. Онда оқушылар еліміздің өткені мен бүгіні жайында ойларын ортаға салды. Сондай-ақ білімгерлер Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен тілдесіп, сол кездегі оқиғаның тарихына көз жүгіртті.  

«Балалар қазір өте білімді, сауатты, сұрақтары да өткір. Көбіне оларды қызықтыратын сұрақтар – 1986 жылы оқиғалар қалай басталды, неден бастау алды деген сияқты. Сол себепті біз оларға еліміздің болашағы, Тәуелсіздіктің қалай келуі туралы әңгімелеп береміз. Осы мақсатта мектептер мен колледждерге барып, кездесулер ұйымдастырып жүрміз», – деді «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісу ауданы бойынша жетекшісі Төкен Смағұлов.

Оқи отырыңыз: Алматыда 70 балабақша тексеріліп, отыздан астам құқықбұзушылық анықталды