Алматыда 70 балабақша тексеріліп, отыздан астам құқықбұзушылық анықталды

Жауапты тұлғаларға 9,5 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматыда жоспардан тыс 70 балабақшаға тексеріс жүргізіліп, 30-ға жуық құқықбұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде жауапты тұлғаларға 9,5 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салыныпты. Бұл жөнінде мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиында қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Маманның айтуынша, анықталған заңсыздықтар қатарында балаларға арналған ас мәзірінің талапқа сай болмауы, медициналық бөлмелердің жабдықталмауы секілді бірқатар жағдай бар. Бұдан бөлек, жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша бірнеше мемлекеттік, жекеменшік балабақшаларда тексеріс шаралары өткен.  

«Жеке және заңды тұлғалардың шағымдары бойынша 33 балабақша тексерілді. Тек Жетісу ауданында ғана шағымдар тіркелмеді. Оның жиырма төртінде заңбұзушылықтар анықталып, шағымдағы айтылған фактілер расталды. Оның ішінде 9 мемлекеттік, 15 жекеменшік балабақша бар. 2024 жылы 7 шағым түскен болатын. Ал осы жылы шағымдар саны былтырмен салыстырғанда өсіп жатыр», - деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова.

«2025 жылғы мектепке дейінгі ұйымдардың атқарылған жұмыстары, кемшіліктерді жою мақсатында талқылану жүргізілуде. Алматы қаласында бүгінгі күнде мектепке дейінгі 1066 ұйым бар. Оның ішінде 198-і мемлекеттік балабақша болса, қалғаны - жекеменшік балабақшалар. Жалпы, 84 мыңнан аса бала қамтылуда», - Білім басқармасының бас маманы Меркизат Нығметова.  

Жиында балабақшалардағы тәрбие жұмысының сапасын арттыру, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту және ата-аналармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды. Отырысқа қала әкімінің орынбасары, білім басқармасы өкілдері, мемлекеттік органдар мен балабақша басшылары қатысты. Басқосуда саланың негізгі проблемалары көтеріліп, кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар айтылды. Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов білім беру бөлімдеріне ескерту жасап, аудан әкімдігіне барлық мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша тексеріс жүргізуді тапсырды.  

«Аудандық білім бөлімдеріне маңызды ескерту жасалды. Бүгінгі жиында барлық мәселе толық айтылмады деп есептеймін. Сондықтан білім бөлімдері өздеріңізде тиісті бақылау жұмыстарын жүргізіп, жағдайды реттеңіздер», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Оқи отырыңыз: Алматыда тағы үш қар еріту пунктін салу жоспарланып отыр

Новости партнеров