Тау туризміне жаңа серпін: Алматыда жаңа аспалы жолдар мен шаңғы трассалары іске қосылады

21.10.2026 19:13

Жаңа аспалы жолдар 2026–2027 жылғы қысқы маусымда пайдалануға берілуі мүмкін

Қысы-жазы турист ағылатын Шымбұлақта құрылыс қызу. Бүгінде онда аспалы жолдар салынып, тау шаңғы трассалары кеңейтілуде. Сондай-ақ Бұтақты мен Кімасар шатқалдарында да жұмыс басталмақ,деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жаңа аспалы жолдар 2026–2027 жылғы қысқы маусымда пайдалануға берілуі мүмкін. Жоба аясында Шымбұлақта 3,5 – 4,5 шақырымға жуық жаңа шаңғы трассасы ашылады деп жоспарланған. Бұл қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтып, демалушыларға ыңғайлы жағдай жасайды.  Әсіресе шаңғы мен сноуборд тебуді енді үйреніп жүргендерге арналған жеңіл трассалар қарастырылған.

«Бірінші кезең аясындағы жұмыстар жүріп жатыр. Бұл кезеңде Шымбұлақ шатқалының оң жақ беткейінде 2 аспалы жол салынып жатыр. Оның бірі – төрт орындық S5 креслолы жолы, екіншісі – S6 сүйретпелі жолы. Қазір станцияларды жабдықтау, көтергіш-тартқыш арқанды тарту және алғашқы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы сынақтық іске қосуды 4 апта ішінде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Almaty Tau Management басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.

Тау кластерін дамыту туристік инфрақұрылымды кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді. Жоба аясында шамамен 15 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде қонақүй және тамақтану орындарының қызметкерлері, тау гиді мамандары бар.

«Еліміздің қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Білесіздер, туризмге байланысты көптеген мамандықтар бар. Студенттер немесе қаладағы жұмыссыз жастар шетелге барып жұмыс істемей ақ, елімізде,тауымызда туристерге қызмет етуге болады», – деді экобелсенді Дулат Нәбиев.

Айта кету керек, тау кластерін дамыту бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алда әлі Кімасар мен Бұтақты шатқалдарында құрылыс басталмақ. Жоба толық іске асса, Алматының тау туризміне жаңа серпін беріп, демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуы мүмкін.

Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki: Алматы тауларында жаңа соқпақтар жүйесі жолға қойылмақ

Толық көрсету