Almaty SuperSki: Алматы тауларында жаңа соқпақтар жүйесі жолға қойылмақ
Мамандар туристерге қарапайым қауіпсіздік ережелерін жолға шықпай тұрып ескеруге кеңес береді.
Алматының таулары спортпен шұғылдануға ғана емес, табиғатты танып, серуендеуге де қолайлы. Іле Алатауы ұлттық паркіндегі туристік бағыттар өңірдің бар сұлулығын тамашалап, таза ауада тынығуға мүмкіндік береді.
Сондықтан Almaty SuperSki жобасы аясында осы бағыттарға жетуді жеңілдету көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде жастар арасында жаяу серуендеуге қызығушылық артып келеді. Мұндай туристік бағыттар жылдың кез келген мезгілінде табиғат аясында демалуға мүмкіндік береді.
Тау кластері жобасының тұжырымдамасында жаяу туризмді дамыту, велосипедшілерге арналған аймақтар мен жаяу серуендеу бағыттарын ұйымдастыру, қажетті инфрақұрылымды жетілдіру қарастырылған. Мұның бәрі қала тұрғындары мен қонақтарының тауда демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Мамандардың айтуынша, жаңа соқпақтар салумен шектелуге болмайды.
Турист қайда бара жатқанын біліп, таңдаған бағытын жүріп өтуге дайындығы жеткілікті ме, соны алдын ала бағамдай алуы керек.
«Әрине, бұл - өте қызықты жоба. Оның аясында жаяу серуендеуге арналған көптеген бағыт әзірленіп, цифрлық картаға түсіріледі. Туристердің сол бағыттарға қауіпсіз жетуіне де жағдай жасалады. Келушілер қолданыстағы жаяу соқпақтармен қиылысатын аспалы жолдар арқылы тауға көтеріле алады. Сондай-ақ жоба аясында ашылатын жаңа соқпақтармен жаяу көтеріліп, төмен түсуге мүмкіндік болады», - деді «Almaty tau management» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Александр Руденко.
Дегенмен, бағыт қаншалықты қолайлы болғанымен, таудағы қауіп-қатерді естен шығаруға болмайды. Жорыққа шығар алдында жолдың күрделілігін, өзіңіздің дене дайындығыңызды және ауа райын ескеру қажет.
«Ең бастысы - жүретін бағытты алдын ала жоспарлау. Ауа температурасына назар аударып, алдағы екі-үш күнге арналған ауа райы болжамын қарау қажет. Қайда баратыныңызды, қашан жолға шығып, шамамен қай уақытта оралатыныңызды жақындарыңызға міндетті түрде хабарлаңыз. Тауға ешқашан жалғыз шықпаңыз», - деді Александр Руденко.
Мамандар туристерге қарапайым қауіпсіздік ережелерін жолға шықпай тұрып ескеруге кеңес береді. Ал Almaty SuperSki аясында инфрақұрылымды дамыту Іле Алатауы ұлттық паркінің табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, ауқымды жоба бойынша жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырым болатын шаңғы жолдарын салу көзделген. Олардың 70 пайызға жуығын күрделілігі жағынан жасыл және көк санатқа жатқызу жоспарланып отыр.
Айжан Дайрабай, Әмина Үсенова, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматының тау кластері: жастар үшін қандай жаңа жұмыс орындары ашылады