Таза ауа аймақтары: Алматыда ескі көліктерге шектеу қойылуы мүмкін

19.08.2025 20:41

 Әзірге жоба қоғам арасында талқыланып жатыр

Алматыда ескі көліктерге шектеу қойылуы мүмкін. Бастама шаһар экологиясын жақсартуға бағытталған жаңа қағида аясында қолға алынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа жобаның мақсаты – қаладағы экологиялық ахуалды жақсарту, ауаның ластану деңгейін жүйелі түрде азайту және тұрғындардың денсаулығын қорғау. Жоба ашық талқылау арқылы дайындалған. Жұмыс тобының құрамына қоғам өкілдері, ғылыми қауымдастық, салалық қауымдастықтар, сарапшылар, бизнес өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері қатысты. Құжатқа сәйкес, кейбір автокөлік иелері үшін мегаполиске кіру ақылы болуы мүмкін. Өйткені, экобекет қызметкерлері былтырдың өзінде 200 мыңнан аса темір тұлпарды тексеріп, оның 30 мыңы ауаны ластайтынын анықтаған.

Жыл сайын ауаға бөлінетін зиянды қалдықтардың көлемі 189 мың тоннаға жетеді. Ал оның 60 пайызы, нақтырақ айтсақ, 112 мың тоннасы тек көліктерден шығады. Өйткені, қалада қатынайтын темір тұлпарлардың барлығы бірдей жаңа емес, ауа сүзгішті орнату ережесін елемейтіндер де бар. Былтыр экологиялық талапты сақтамаған жүргізушілер 600 миллион теңге айыппұл арқалаған.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, жаңа құжатқа сәйкес қалада «таза ауа аймақтары» құрылмақ. Мұнда Еуро-0-ден Еуро-4-ке дейінгі экокласы төмен көліктердің қозғалысы шектеледі және ол үшін ақы төленеді. Ал ауа қатты ластанған кезде, тіпті жүруіне тыйым салынады. Біра, бұл ережеден электромобильдер, сутегімен жүретін көліктер және Евро-5 пен Евро-6 стандартындағы машиналар босатылады. Дегенмен қала билігі ескі көліктерді кезең-кезеңімен сатып алу бағдарламасын іске қосуды қарастырмақ. Бұл өз кезегінде автопаркті жаңартуға ықпал етпек.

«Талғар, Қаскелең, Қапшағай жақтан күніне 400 мыңдай машина кіреді. Олардың 70-80 проценті ескі көліктер. Солардың салдарынан да ауаның ластану проблемасы шығады. Алматы емес, Алматы облысының әкімшілігі де бірге жұмыс істеуі керек. Мемлекеттің ескі машиналарды сатып алуға қатысты жобасы бар, қаражат бөлінеді», – деді қалалық мәслихат депутаты Мұрат Өтемісов.

Жоба пилоттық режимде қазаннан бастап жүзеге асуы мүмкін. Бұл кезеңде жүргізушілерден ақы алынбайды. Ал іске қосылса көлік иелері «Таза қала» цифрлық платформасы арқылы автомобилін тіркеп, оның экологиялық класын анықтап, абонемент рәсімдеп, барлық төлемді бақылап отыра алады. Арнайы тіркеу мен техникалық байқаудан өткен алматылықтар үшін жеңілдік те қарастырылмақ. Олар ай сайын абонементті арзан бағамен сатып ала алады. Түскен қаражат экологиялық жобаларға, қоғамдық көлікті дамытуға және әлеуметтік қолдау шараларына жұмсалмақ.

«Атмосфераны қорғау мақсатында қолға алынған жоба аясында экологиялық мониторинг топтарын құру көзделіп отыр. Олар түрлі нысандарға барып, ауаға таралатын зиянды заттардың мөлшерін тексереді, шамадан тыс болмауын бақылайды. Шет мемлекеттерде тиімділігін көрсеткен бастама қалада кезең-кезеңімен жүзеге асады», – деді Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Мирас Гайсин.

Айта кетейік, жаңа жоба аясында коммуналдық және жекеменшік автопарктерге қойылатын талаптарды күшейту көзделген. Сонымен қатар құрылыс алаңдарында, моншаларда, сауналарда және тамақтану орындарында сүзгі жүйелерін орнату міндеттеледі. Қосымша, заманауи технологияларды – датчиктер мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, экологиялық мониторинг жүйесін кеңейту, жанармай сапасына бақылауды күшейту қарастырылып отыр.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматыда Жароков көшесі уақытша жөндеуге жабылады