Таза Қазақстан: Алматыда қоқысты жинамаған медігерге айыппұл салынды

30.05.2025 21:31

Бостандық пен Алмалы аудандарында 10-ға жуық заңсыз қоқыс алаңқайы анықталды

Алматыдағы Әуезов ауданында қоқысты уақытылы жинамаған 2 мердігер ұйым айыппұл арқалады. Олар кесілген ағаш бұтағы мен жиналған жапырақтарды, құрылысқа қажетті заттарды дер кезінде тазаламаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салдарынан тұрғындар да ірі қалдықтарды сол орынға тастапты. Сондықтан жауапты мамандар азаматтарды тазалыққа мән беруге шақырды. Қаланың ластанбауы үшін күнделікті рейд жүргізілмек. Бұл бастама «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен бірге жүзеге асып жатыр.

«2-шағынаудандағы №8 үйдің аумағында қоқысты белгіленбеген жерге тастағандарды анықтадық. Сол себепті аула тазалығына жауапты мердігер компанияны шақырттық. Айыппұл салынды.

Атап өтейік, 15 сәуірден бастап «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында заң бұзушылармен тұрақты түрде күресіп келеміз, жедел-профилактикалық іс-шаралар да жиі өткізіледі», – деді Әуезов ауданы Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Темірлан Көбеков.

Бұдан бөлек, тәртіп бұзғандарды анықтауға бағытталған іс-шара Бостандық пен Алмалы аудандарында да жалғасты. Аталған аумақта 10-ға жуық заңсыз қоқыс алаңқайы анықталды.

Атап өтейік, осындай бастамалардың көмегімен бір ғана Әуезов ауданында жыл басынан бері 2000 текше метр қоқыс сыртқа шығарылған.

«Ірі көлемдегі қалдықтар, қолданыстан шыққан телевизор, тоңазытқыш, дивандар, балалардың ірі ойыншықтарын тұрғындар қоқыстың жанына әкеп тастамауы керек. Лицензиясы бар мекемелермен келісімшарт жасап, қоқысты үйде өткізуі керек», – деді Әуезов ауданы экология бөлімінің басшысы Ализат Сейітбаев.   

Оқи отырыңыз: Бала қауіпсіздігі – басты назарда: алматылық оқушылар кинологтардың жұмысымен танысады