TBEX Asia 2026: Алматыда әлемнің танымал тревел-блогерлері контент жасау тәжірибесімен бөлісіп жатыр

23.08.2026 16:50

Бағдарламаның негізгі өзегі – саяхат тақырыбындағы контент жасау мен ілгерілетудің практикалық қырлары

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда тревел-блогерлер, инфлюенсерлер, контент авторлары мен туризм индустриясы өкілдеріне арналған халықаралық TBEX Asia 2026 конференциясының негізгі іскерлік бағдарламасы өтіп жатыр. Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам қатысушының басын қосты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бағдарламаның негізгі өзегі – саяхат тақырыбындағы контент жасау мен ілгерілетудің практикалық қырлары. Қатысушылар білім беру сессияларына, шебердің дәрісіне, сарапшылардың баяндамалары мен кәсіби кездесулерге қатысып, сторителлинг, әлеуметтік желілер, бейнеконтент, аудиториямен жұмыс және жеке брендті дамыту мәселелерін талқылауда. Жалпы бағдарламада 30-дан астам сессия, шебердің дәрісі және салалық форум бар.

Спикерлер қатарында танымал тревел-блогерлер мен сарапшылар Омар Алиев, Ahmed Haggag, Christopher Reese Joondeph, Wil Dasovich, Julie Falconer, Archana Singh, Haley Dasovich, Daniel Marsh және Балнұр Балтабаева бар. Олар саяхат туралы контент әзірлеу, аудиториямен байланыс орнату және жеке брендті ілгерілету тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Кейбір сессиялар әлеуметтік желілерге, аудитория тартуға және көпшілікке әлі кеңінен таныла қоймаған туристік бағыттарды таныстыруға арналған.

Қазақстанда TBEX конференциясы алғаш рет өтіп отыр. TBEX бас директоры Рик Калверттің айтуынша, қатысушылар Алматыға іскерлік бағдарламаға қатысу үшін ғана емес, Қазақстанды жақынырақ танып, алған әсерін аудиториясына жеткізу үшін де келген.

«TBEX-тің ұйымдастырылып келе жатқанына 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде іс-шараларымыз әлемнің түрлі елінде өтті. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз және мұнда болғанымызға өте қуаныштымыз. TBEX-ке 30 елден 300-ге жуық адам қатысып жатыр. Олар Қазақстанда орта есеппен 14 күн болып, елді аралап, көрген-білгенін аудиториясына бөліседі. Бұл әлем бойынша жүздеген миллион адамды қамтитын аудитория», — деді Рик Калверт.

TBEX басшысы да Алматы туралы әсерін бөлісті. Оның айтуынша, команда қалаға алғаш рет екі жыл бұрын конференция өткізу мүмкіндігін қарастыру мақсатындағы сапармен келген.

«Алматы – керемет қала. Дәл артымызда тау тұр, айнала ағаш пен жасыл желекке толы. Саябағы көп, көретін қызықты орындары да жетерлік. Алматы бізге шынымен қатты ұнайды», — деді Рик Калверт.

Конференцияға Қазақстанның тревел-қоғамдастығы да белсенді қатысуда. Әлеуметтік желіде @gostepbysteppe атымен танымал саяхатшы-блогер Әділет Сапарғали TBEX пен оның халықаралық іс-шараларын бұрыннан бақылап жүргенін айтады.

«Бұған дейін TBEX-ті әлеуметтік желілерден бақылап, конференцияның әлемнің әр елінде қалай өтетінін көріп жүрдім. Сондықтан биыл оның Алматыда өтетінін естігенде қатты қуандым. Мен үшін бұл бұрыннан бақылап жүрген тревел-блогерлермен танысып, тәжірибе алмасуға әрі оларға Қазақстан мен Алматыны таныстыруға берілген тамаша мүмкіндік. TBEX – жаңа кәсіби байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға арналған үлкен алаң. Осындай ауқымды іс-шараның бір бөлігі болу мен үшін өте құнды», — деді Әділет Сапарғали.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр – Иордания бақылаушысы

Толық көрсету