Суперқаһармандар мен ұлттық ойындар: Алматыда сайлау қалай өтіп жатыр

23.08.2026 16:56

Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде қаладағы бірқатар учаскеде дауыс беру үдерісі ерекше сипат алды

Алматыда Құрылтай депутаттарының сайлауы кезінде қаладағы бірқатар учаскеде дауыс беру үдерісі ерекше сипат алды. Бір жерде жастар сүйікті кейіпкерлерінің образында келсе, енді бірінде сайлаушылар үшін ұлттық ойындар мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматының таулы аймақтарымен, табиғатымен біте қайнасқан қар барысы – қала үшін айрықша мәнге ие символ. Сондықтан сайлау күні оның бейнесінің учаскеде болуы да көпшіліктің назарын аударды. Қалалықтардың сүйікті кейіпкеріне айналған Қожа бұл жолы да көпшілікпен бірге сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауын жасады.

«Азаматтық борышымды өтеу мақсатында сайлау учаскеме келіп, дауыс бердім. Менің қазіргі образым –  Алматы қаласының символына айналған өршіл рухты, намысты барыс. Неге барыс десе, себебі, біздің қазақстандықтардың өзі алматылықтар рухты, намысты өзінің болашағын ойлайтын қабілетті жандар. Сол үшін де мен осы образда келіп дауыс беріп жатырмын», – деді қала тұрғыны Ернар Тұрлыбай.

Өрмекші адам да бүгінгі таңдаудың маңызды екенін ескергендей. Ерекше кейіптегі сайлаушының бұл қадамы учаскедегілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал мұндай креативті бастама жастардың қоғамдық науқанға деген қызығушылығын арттырудың бір тәсіліне айналды.

«Сайлау учаскелерінде ата-аналар балаларымен, жастар достарымен келіп өз дауысын беруде. Менің бұлай киініп келу себебім – жас балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау», – деді қала тұрғыны Бақытжан Ахметов

 Ал Алатау ауданындағы №149 мектепте сайлау күні қоғамдық-мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мұнда тұрғындар дауыс берумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрмелерді тамашалап, спорттық сайыстарға қатысты. Тоғызқұмалақ, шахмат пен қол күресінен жарыстар өтіп, тұрғындар белсенділік танытты. Сурет көрмесі мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шараға аға буын өкілдері мен ардагерлер де қатысып, өз азаматтық ұстанымдарын білдірді.

«Аға буын, орта буын үлгі болып сайлау учаскелері жұмысын бастағаннан бастап, отбасымен келіп, дауыс беруде. Ол – адамның азаматтық парызы, екіншіден, ұлт болашағына деген жауапкершілік  және жан ашуы»,– деді № 7 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Әсем Сейітова

Бір учаскеде - суперқаһармандар, енді бірінде - ұлттық ойындар. Түрлі форматтағы іс-шаралардың ортақ мақсаты – азаматтардың сайлау үдерісіне қызығушылығын арттырып, қоғамдық белсенділікті күшейту. Ал ерекше образда келген жастардан бастап, ақсақалдар мен ардагерлерге дейінгі сайлаушылардың белсенділігі бүгінгі күннің басты көріністерінің біріне айналды.

Айжан Дайрабай, Манат Ешбай

Оқи отырыңыз: Тарихи белес: Жамбыл ұрпақтары мен өңір тұрғындары сайлауда ерекше белсенділік танытты

Толық көрсету