«МҰРА»: Абай атындағы театрдың ауқымды Open-Air концерті мыңдаған көрермен жинады
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-маусымын ерекше форматта ашты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Театр алдындағы алаңда «Мұра» атты open-air гала-концерт өтіп, классикалық өнер заманауи көркемдік тәсілдермен үйлестірілді.
Әдетте опера мен балетті театр залынан тамашалайтын көрермен бұл жолы әртістердің өнерін ашық аспан астында көрді. Өнер ордасының алдындағы алаң бірнеше сағатқа үлкен сахнаға айналып, мұнда 30-ға жуық музыкалық нөмір орындалды. Концертке театр солистері, оркестр және шығармашылық ұжым қатысты.
– Көрермен тек нәтижені көреді. Бірақ оның артында қаншама еңбек жатыр. Сахнаға шығатын әртістермен қатар, сахна сыртында да көптеген адам жұмыс істейді. Костюм тігу, грим жасау, образ қалыптастыру – барлығы үлкен еңбекті қажет етеді. Менің міндетім – сахнаға шығып, әдемі ән айту. Ал оның артында қаншама маман мен цехтың жұмысы бар. Барлығымыздың басымыз қосылып, осындай концертте қызмет ету бұйырды, – деді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Наргиз Сәтмұхамбетова.
«Мұра» гала-концертінің бағдарламасында классикалық музыка мен ұлттық өнер заманауи бағытпен үйлесім тапты. Көрерменге опера, балет, симфониялық музыка, хор, джаз және этно бағытындағы шығармалар ұсынылды. Әр нөмір өзіндік ерекшелігімен сахналанды.
– Бұл кешке дайындалған костюмдер қандай керемет десеңізші. Концерттің шымылдығын мен үшін арнайы жазылған туындымен өзім аштым. Әрине, ашық аспан астында өнер көрсету өзгеше. Оның да өзіндік қиындығы бар. Жел тұрып, ауа райы бұзылып кетуі мүмкін. Бірақ соның бәріне дайын болуымыз керек. Көрерменге кешіміз ұнауы үшін барымызды салып дайындалдық, – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева.
Кешке арнайы сахна безендіріліп, театр ғимаратының қасбетіне ауқымды 3D-проекциялар түсірілді. Лазерлік инсталляциялар мен жарық эффектілері қолданылды. Сондай-ақ концерттің көркемдік бейнесін 500-ден астам сахналық костюм толықтырды.
Осылайша Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры жаңа 93-маусымын ашты.
Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, Almaty TV.
Оқи отырыңыз: Қазақстан өнеркәсібіне заманауи неміс технологиялары енгізілуі мүмкін