Туристік маусым: Алматыдағы танымал демалыс орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Mira Baibek
Mira Baibek

Шымбұлақ тау курортында жазғы маусым қарсаңында кешенді техникалық жұмыстар жүргізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Алматыда тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жазғы маусымға дайындық барысында туристік нысандардың инфрақұрылымы тексеріліп, техникалық қызмет көрсету жұмыстары атқарылды. Құтқару және жедел қызметтердің дайындығы да артты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Туризм басқармасының туристік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Даурен Ерғалиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, туристік нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары мемлекеттік органдар, нысан әкімшіліктері және арнайы қызметтердің қатысуымен жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Дайындық барысында инженерлік жүйелердің жағдайы тексеріліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, аумақтардың санитарлық жай-күйі және нысандардың келушілерді қабылдауға дайындығы назарға алынған.

Шымбұлақ тау курортында жазғы маусым қарсаңында кешенді техникалық жұмыстар жүргізілді. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен аспалы жолдарға диагностика жасалып, жабдықтардың, стансалар мен тіректердің техникалық жағдайы тексерілді. Нәтижесінде барлық жүйенің жаз мезгілінде қауіпсіз пайдалануға дайын екені анықталды.

Сонымен қатар, курорт аумағында төтенше жағдайларға ден қою бойынша оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Құтқару қызметтері мен нысан қызметкерлерінің өзара іс-қимыл алгоритмдері пысықталып, туристерге жедел көмек көрсетуге арналған арнайы техника мен жабдықтар дайындалды.

Көк-Төбе демалыс аймағында жоспарлы профилактикалық жұмыстардан кейін аспалы жол қайта іске қосылды. Сондай-ақ, Fast Coaster аттракционы пайдалануға берілді. Нысан әкімшілігінің мәліметінше, барлық тексеру және дайындық жұмыстары толық аяқталған.

Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жаз бойы жалғасады. Осы кезеңде туристік нысандардың жағдайы тұрақты бақылауда болып, қауіпсіздік талаптарының сақталуына мониторинг жүргізіледі.

Туристік инфрақұрылымды кешенді түрде дайындау демалушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және Алматыдағы ең көп баратын туристік орындарда қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Цзянсу провинциясының мәдениет және туризм күндері өтіп жатыр

Новости партнеров