Алматыда 18 жасқа толған 14 мыңға жуық адам бар
Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлауда жастардың белсенділігі айтарлықтай жоғары. Биыл шаһарда 1 миллион 300 мыңнан аса адам дауыс беруге құқылы. Ал оның ішінде 18 жасқа толған 14 мыңға жуық адам бар. Саяси науқанда алғаш дауыс бергендер қатарында – Нұрсұлтан Нұртуған бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Ол Түрксіб ауданында №49 мектепте орналасқан №457сайлау учаскесіне әжесімен бірге келіп, таңдау жасады.
Кәмелет жасқа аяқ басқан азамат «бұл – әрбір қазақстандық үшін маңызды күн» дейді.
Сонымен қатар жасы ұлғайып, денсаулығының сыр бергеніне қарамастан Құрылтай сайлауына қатысуға келген егде жастағы тұрғын да көп.
Айта кетейік, Түрксіб ауданындағы №457 сайлау учаскесінде түрлі ойындар мен тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жастар ұлттық аспап домбырамен күмбірлетіп күй ойнап, ән шырқап, табиғат аясында сурет салып, шахмат бойынша өзара сынға түсті. Осылайша өскелең ұрпақ қарттардан қалыс қалмай, саяси науқанға белсенді қатысты.
«Бірінші рет дауыс бердім. Құрылтай – қазақтың бұрыннан маңызды шешімдер қабылданатын алаң. Құрылтай мен үшін өте маңызды», – деді қала тұрғыны Нұрсұлтан Нұртуған. ¤
«Бүгін өз таңдауымды жасауға келдім. Таңдау – әрқайсымыздың қолымызда. Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімдімін», – деді қала тұрғыны Надежда Скибина.
Түрксіб ауданындағы №523 учаске – дауыс берушілер қаз-қатар тізіліп, ұзын-сонар кезекке тұрған келесі учаскелердің бірі. №203 мектеп қабырғасында орналасқан учаскеде де мерекелік көңіл күй жандана түсті. Ақ жаулықты әжелер кимешек киіп, түрлі аспаптың сүйемелдеуімен әуезді ән шырқады. Олардың арасында ұршық иіріп, ұлттық нақышты дәріптеп, дауыс беруге келген кейуаналар да бар. Одан бөлек, асық атып, теннис ойнаған жас сайлаушылар да көптің назарына ілікті. Келушілер тіпті ып-ыстық бауырсақ жеп, самаурыннан шай ішті.
«Бүгін – тарихи күн. Себебі елімізде ең алғаш Құрылтай құрылып, Құрылтай сайлауы болып жатыр. Бұл сайлау жай ғана сайлау емес, бұл сайлау халықтың үнін, халықтың жағдайын тікелей істейтін тарихи күндердің бастауы болмақшы. Сондықтан мектеп ұжымы ерекше көңіл күймен, ерекше белсенділікпен сайлауға атсалысып жатыр. Мен де өзімнің халқымның болашағы үшін, елімнің келешегі үшін таңдауымды жасап, дауыс бердім», – деді қала тұрғыны Анар Сәлімова
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: алматылық өнер майталмандары белсенділік танытты