Әуе сүйер қауым үшін тамаша орын: Алматыда авиациялық стильдегі жаңа фотоаймақ пайда болды

29.07.2026 18:14

Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған орын бірнеше жыл бұрын бос жатқан

Алматы тұрғындары мен қала қонақтары ұшып-қонып жатқан әуе кемелерін бақылап, естелік суретке түсе алады. Бүгін халықаралық әуежайдың споттинг алаңында авиациялық стильдегі жаңа фотоаймақ ашылды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Көгалдандырылған аллеяның лентасын қиюға Алматы әуе айлағының қызметкерлері, Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары және ірі авиакомпания өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, аталған орын бірнеше жыл бұрын бос жатқан. 2024 жылы Түрксіб ауданының әкімдігі оны абаттандырып, авиация әуесқойлары мен споттерлер жиі келетін аймаққа айналдырған. Жоба аясында ағаштар мен бұталар отырғызылып, демалыс орны ерекше кейіпке енді.

«Алматыға алғаш келгенімде осы жерге отбасымен, балаларымен келіп, ұшақтарды тамашалап, жақындарын қарсы алып жатқан адамдарды көрдім. Бұл маған ерекше әсер қалдырды. Осы ортақ идеяны әуе компаниясы мен Түрксіб ауданының әкімдігі де қолдады. Бірлесіп, споттинг алаңын одан әрі жақсартуға кірістік. Бүгінгі жоба – соның кезекті қадамы. Алдағы уақытта да бұл орынды одан әрі дамытамыз. Адамдардың ұшақтардың ұшып-қонуын тамашалап, уақытын қызықты өткізуіне жағдай жасағымыз келеді», – деді Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе.

 «Алматы халықаралық әуежайына тәулігіне шамамен 300 әуе кемесі ұшып-қонады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Сондықтан мұнда авиация өмірін тамашалауға мүмкіндік мол. Біз мұндай игі істің басында болғанымызға қуаныштымыз», – деді әуе компанияның вице-президенті Владимир Сытник.

  Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігінің гранты бойынша 137 жас дәрігер резидентураны тәмамдады